11:55, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Сарышаған ?Омбы бағытындағы халықаралық жолаушылар автобусынан 20 килә марихуана табылды - ІІД
АСТАНА. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Жыл басынан бері Астана қаласында есірткі бизнесіне қатысты 53 қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы бүгін өткен брифингте Ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Аясын Байділдаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, 53 қылмыстық істің 42-сі есірткі саудасына қатысты қозғалған. 2009 жыл басталғалы бері заңсыз айналымнан 79 килә есірткі заты алынды. Оның 1,5 киләға жуығы есірткінің ең ауыр түрі ? героин. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 320 бабы бойынша (есірткіні сақтағаны үшін) 25 адам ұсталып, оның 11-і екіден он тәулікке дейін қамауға алынды. «Астана қаласы ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы өзге де бөлімшелермен бірігіп, «Астана ? есірткісіз қала» аймақтық бағдарламасы аясында есірткіні сақтау және тарату фактілерінің алдын-алу мақсатында жедел-іздестіру іс-шараларын сәтті жүргізді. Мәселен, ақпанның 21-і күні ұзақ уақыт бойы есірткі саудасымен айналысып келген П. есімді азаматша қолға түсіп, одан жалпы салмағы 5 грамм болатын героин тәркіленді», - деді ол. Сондай-ақ наурыздың 3-і күні «Қызылжар» бекетінде Сарышаған ?Омбы бағытындағы халықаралық жолаушылар автобусының жүк салғышынан жалпы салмағы 20 килә марихуана салынған екі сөмке табылды. Шымкент қаласының тұрғыны Б.есімді жүргізушінің сөзіне қарағанда, сөмкені діттеген жеріне жеткізіп салуды белгісіз адамдар өтінген. Тергеу амалдары жүргізілуде.