Сарышағанда тоқтатылған пойыз жолаушыларына ыстық ас әзірленді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жүк тасымалдаушы вагондар рельстен шығып кетіп, жолынан қалып қойған жолаушылар үшін ыстық ас әзірленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз мұнда таңғы 9-дан бері тұрмыз. Жергілікті әскери бөлімше бес пойыздың жолаушылары үшін ыстық ас дайындады. Сарышаған стансасында жағдайды бірқалыпты ұстау үшін жедел жәрдем және өрт қауіпсіздігі көліктері жиналды», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Алматыға аттанған пойыз жолаушыларының бірі.
Сондай-ақ, ол теміржолдағы қозғалыстың қайта басталғанын күтпеген кей жолаушылар қалааралық таксилерге отырып, жолға аттанғанын айтты. Оның айтуынша, әр көліктің салонын жалдау құны 50 мың теңге болған.

Еске салайық, Сарышаған стансасында жүк пойыздары вагондары (Қашқантеңіз-Жастар аралығындағы Мойынты-Шығанақ бөлігінде келе жатқан №2009 пойыз) рельстен шығып кетіп, бес жолаушы пойызының қозғалысы тоқтатылған еді. Оқыс оқиғадан зардап шеккендер жоқ.
