Сасық иістен шаршаған астаналық көршісін сотқа берді
Қалалық сот баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, елордадағы үйлердің бірінің тұрғыны көршісінің үстінен шағым түсірген. Оның айтуынша, көршісі пәтеріне, балконына қоқыс контейнерінен әкелінген қалдық заттарға толтырып қойып жүрген. Соның салдарынан бүлінген қоқыс иістеніп, тіпті көршілерінің де пәтерлеріне сасық иіс жеткен.
«Жауап берушінің өзі аталған пәтерде тұрмайды. Ол иті мен мысығын тамақтандыру үшін ғана келеді. Көршілерінің бірнеше мәрте пәтерін тазалауды өтінген сөздеріне құлақ аспаған. Астана қалалық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы өкілінің қорытындысына сәйкес жауап берушінің пәтері антисанитарлық жағдайда. Алматы аудандық соты шағымданушының талабын қанағаттандырып, жауап берушіге пәтерін тұрмыстық қоқыстан тазалауды және дезинфекциялық өңдеу жүргізуді міндеттеді. Шешім заңды күшіне енді», - делінген таратылған ақпаратта.