Сәтбаев қаласында алғашқы жекеменшік балабақша ашылды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Сәтбаев қаласында мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында алғаш рет жаңа балабақша ашылды. Пайдалануға берілген мектепке дейінгі мекемеде 50 бала тәрбиеленеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Айбол» балабақшасы бұрынғы кәсіпорын ғимаратында орналасқан. Екі қабаттан тұратын нысан толықтай күрделі жөндеуден өткен. Мұнда барлығы балалар үшін егжей-тегжейлі ойластырылған.
Мектепке дейінгі орталық мемлекеттік талапқа сай жабдықталған. Мұнда 1-5 жас аралығындағы бүлдіршіндер үш тілде базалық білім алып, шығармашылығын шыңдай алады. Мекемеде психолог, логопед мамандарымен бірге дәрігерлер де жұмыс істейді.
Жаңа нысанда ата-аналар үшін ай сайынғы төлемақы мемлекеттік балабақшадағыдай - 12 000 теңгені құрайды. Қалған сома мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту арқылы жергілікті бюджеттен төленіп отырады.
«Қала бойынша мектепке дейінгі орталықтар 1-6 жас аралығындағы балалардың 98% қамтып отыр. Қаламызда мұндай балабақша алғаш рет ашылғанымен, бұл соңы емес. Алдағы уақытта тағы 2 жобаны ұсынамыз. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, қаламыздың кішкентай тұрғындарын 100% қамтамасыз етеміз деген сенімдемін», - деді Сәтпаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов.
Осылайша, Сәтбаев қаласында болашақта тағы екі жекеменшік балабақша ашылады деп жоспарлануда.
Қазір қалада 1-ден 6 жасқа дейінгі балалардың 98% мектепке дейінгі мекемеге барып жүр.