Сәтбаев қаласында кәсіпкерлерге қанша грант берілді

СӘТБАЕВ. ҚазАқпарат – Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов гранттардың арқасында өз ісін ашқан кәсіпкерлермен кездесті. Кәсібін жаңа бастаған бизнесмендер белсенді жастармен өз тәжірибелерімен бөлісіп, жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәтбаев қаласында кәсіпкерлерге қанша грант берілді

Дәулет Сейтпеков – Сәтбаевтың орталығында орналасқан Aqboken дизайн-студиясының иесі. 2020 жылы ол қала әкімінің 600 мың теңге көлеміндегі грантын жеңіп алып, соның арқасында студияға техника сатып алды.

«Полиграфияны ашу идеясы екі жыл бұрын мен курьер болып жұмыс істеген кезімде пайда болды. Маған түрлі грамоталар, алғыс хаттар, буклеттер, плакаттар, баннерлер тасымалдауға тура келді. Содан кейін мен олардың көпшілігі шаблонмен жасалғанына немесе мәтіндерде қателер бар екеніне назар аудардым. Осы нарықты зерттей келе, мен полиграфиялық өнім ассортиментін түрлендіріп, адамдарға сауатты полиграфиялық бұйымдарды басып шығаруға көмектесу үшін жеке студия ашуды ұйғардым. Қазір біздің өнім сұранысқа ие. Дайын материалдарды басып шығарудан басқа, біз мәтінді түзету қызметтерін ұсынамыз», – деп бөлісті Дәулет Сейітпеков.

Кездесуде басқа да грант иегерлері жобаларын таныстырды. Олар қатысушыларға өз бизнесін қалай құру керектігін айтып берді.

«Бизнес жасқа қарамайды. Адам неғұрлым жас болса, оның табысты болу мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады. Қазір жаңа технологиялардың, өмір мен қызметтің барлық саласында қарқынды өзгерістердің кезеңі. Біз сіздерден креативті идеялар, келешегі зор ұсыныстар мен батыл шешімдер күтеміз», – деп атап өтті қала әкімі Асқар Ыдырысов.

Сәтбаев қаласында жыл сайын жастар кәсіпкерлігін дамытуға бөлінетін гранттардың саны мен жалпы сомасы өсіп келеді. 2019 жылы 6 грант, 2020 жылы – 9 және 2021 жылы 23 грант берілді.

Жастардың кәсіпкерлік әлеуетін дамытуға 2019 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан жексенбілік бизнес мектебі ықпал етеді. Сабақтардың арқасында тыңдаушылар қаржылық сауаттылық негіздерін және бизнес жүргізудің заманауи құралдарын үйренеді.