Сәтбаев Қазақстанда ғылым мен индустриялық дамудың көшбасшысына айналды - Мемлекеттік хатшы

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қаныш Сәтбаев шебер ұйымдастырушылық қабілеті арқасында Қазақстанда ғылым мен индустриялық дамудың көшбасшысына, кемеңгер тұлғасына айналды. Елордада академикке арналған ескерткіштің ашылу рәсімінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сәтбаев Қазақстанда ғылым мен индустриялық дамудың көшбасшысына айналды - Мемлекеттік хатшы

Шараға Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов және елорда әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

«Қазақтың қасиетті топырағы ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, дүниенің білімін игерген ғалымға ешқашан кенде болған емес. Алтын құрсақты аналар әр дәуірде Алашқа адал қызмет еткен арда азаматтарды дүниеге әкелген. Ал өткен ғасырда қазақ аспанында бір топ ғалымның шоғыры жарқырай көрінді. Солардың арасында Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың тұлғасы шыңға біткен шынардай болатын. Баянауылдан қанат қаққан, қазақ көгінде қалықтай самғаған, Алаш ғылымының дамуын алты қырдан асырған, әлемдік ілім-білімнің ең биігіне көтерілген Қаныш Сәтбаев аса көрнекті геолог-ғалым ғана емес, өз заманының жарық жұлдызы, ойшыл ғұламасы, мемлекет және қоғам қайраткері еді. Ол өзінің шебер ұйымдастырушылық қабілеті арқасында Қазақстанда ғылым мен индустриялық дамудың көшбасшысына, кемеңгер тұлғасына айналды», - деді Мемлекеттік хатшы ескерткіштің ашылу салтанатында.

Қаныш Сәтбаев Алаш қозғалысының көсемдерімен мұраттас болған. Ұлтқа қызмет етуде аға буынды үлгі еткенін, ел ісінде барлық салаға белсене араласқанын, Қазақстан ғылымының өркендеуіне елеулі үлес қосқанын атап өтті.

«Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес» деген екен Қаныш Сәтбаев. Осы ойға салсақ, халқы Қанышын қал-қадірінше ардақтап, есімін ұлықтап келеді. Ғұлама ғалымның атына бұған дейін қала, көше атауларының берілуі – соның айғағы. Кешегі Қазақ тау-кен-металлургия институтының бүгінде Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті аталуы да зор мәртебе. Бұл – ұлтының ұлы перзентіне көрсеткен құрметінің бір парасы ғана», – деді Қырымбек Көшербаев.

Елордада Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатуды Павлодар облысының әкімдігі бастама етіп көтерген еді. Республика бойынша санағанда, бүгін Қаныш Сәтбаевқа 15-ші ескерткіш орнатылды.

Ескерткіш Қаныш Сәтбаев және Қажымұқан Мұңайтпасов көшелерінің қиылысында, «Қазақстан» спорт кешені алаңында орналасқан. Оның биіктігі – 5,25 метр, қоладан жасалған, салмағы – 4,9 тонна. Авторы – белгілі мүсінші Асқар Нартов.