Сәтбаев шыңында адасып кеткен үш турист құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Алматы облысындағы Сәтбаев шыңында бағытынан адасып кеткен үш туристке құтқарушылар көмек көрсетті, деп хабарлайды Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы.
Оқиға Қарасай ауданындағы биіктігі 4317 метр болатын Сәтбаев шыңында болған. 2007 жылы туған үш жас таудан түсу кезінде бағытынан адасып, құтқарушылардан көмек сұраған.
– Туристермен тұрақты байланыс сақталып, олардың геолокациясы анықталды. Құтқарушылар жастарды тауып, қауіпсіз жерге алып шықты, – делінген хабарламада.
Үш турист №22 өрт сөндіру бөліміне дейін жеткізілді. Осыдан кейін олар үйлеріне өз беттерімен қайтқан.
Айта кетейік, Алматы облысында таудан өздігінен түсе алмаған екі жасөспірім құтқарылды.