Сатылып кеткен көлікке салық қалай төленеді

АСТАНА. KAZINFORM – Сатылып кеткен автокөліктің салығы қалай есептеледі? Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті осы мәселеге қатысты түсінік берді.

салық
Фото: Pixabay

Көлік салығы салық заңнамасында белгіленген салық мөлшерлемесіне сәйкес дербес есептеледі. 

- Көлік салығы көлік құралы тіркеуден шығарылған күнге дейін есептелетінін хабарлаймыз. Егер салық төлеуші 2025 жылдың кез келген айында көлік құралын тіркеуден шығарған болса, салық аталған кезеңге дейін ғана есептеледі, - деп аталып өткен комитеттің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Демек, салық сомасы көлікті иеленудің нақты кезеңі үшін есептеледі. Мәселен, 2025 жыл ішінде көлік құралын сатып алған/сатқан жағдайда, жылдық салықтың есептелген сомасы 12-ге бөлінеді және меншік құқығында нақты болған айлар санына көбейтіледі. Бұл ретте сатып алушы тарап көлік құралы сатып алынған айдан бастап төлейді. Сондықтан салық тіркеу кезеңіне байланысты есептеледі, яғни әр адам көлікке өзі иелік еткен кезге ғана жауапты.

Егер көлік иесіне 2025 жылдың басына дейін сатылған көлік бойынша салық сомасы ұсынылған жағдайда, мұндай көлік құралының уәкілетті органда есептен шығарылғанына көз жеткізу қажет.

Айта кетсек, Қазақстанда биылғы 1 сәуірге дейін 2025 жылға есептелген салық төленді. Бұл ретте, 2025 жылы қолданыста болған 3 932 теңге айлық есептік көрсеткіш (АЕК) қолданылды.

2026 жылғы 2 сәуірден бастап салық төлемі кешіктірілген әр күн үшін өсімпұл есептеледі.

Салық және есептелген өсімпұл бойынша берешек болған кезде, салық органдары осы жылғы 10 мамырдан бастап мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолданады. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2026 жылғы 15 сәуірдегі жағдай бойынша 639 917 салық төлеушіге қатысты 32,4 млрд теңге көлемінде көлік салығы төленбеген.

Соңғы жаңалықтар