Сатирик Көпен Әмірбек жемқорлықпен күреске карикатураны тартуды ұсынды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сыбайлас жемқорлықпен күреске карикатурашыларды да тарту керек. Бұл туралы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен «Парасат жолы» жобасының таныстырылымында сатирик Көпен Әмірбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұрын «Ара» сатиралық журналының атын естіген адам елең ете қалар еді. Қоғам жақсы қасиеттерінен айырылып қалды. Статистикаға көз жүгіртсем, мыңнан астам мемлекеттік қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған», - дейді сатирик Көпен Әмірбек.
Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыс атқарылып жатқанын, сол жұмыстардың бірі – бүгінгі кездесу екенін де айтты.
«Былтыр 80 миллион тұрғыны бар Германияға барып қайттым. Ол жақта соңғы 30 жылда бірде бір шенеунікке қатысты қылмыстық іс қозғалмаған. Міне, қайдан үлгі алу керек! Ал біздің қоғамдағы жағдай қалай? Ақұштап Бақтыгереева дұрыс айтады, қазақтар баласын қалай тәрбиелеген? «Балам, ұят болады» деген үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген. Қазақ халқында осы мәселеге қатысты қаншама мақал-мәтел, қанатты сөз бар», - дейді ол.
Ол сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін осы тақырыпта жұмыс істейтін карикатурашыларға арналған байқау ұйымдастыруға болатынын алға тартады.
«Бұл мәселеге сыни көзбен қарау керек, сол себепті «Ара» журналын қазіргі заман талабына сай жаңа форматта шығара бастау керек. Мысалы, сайт ашуға болады. Пара алатын, жемқорлыққа жақын адамдарға қатысты карикатурадан байқау өткізу керек. Сонда жұмыс алға басады. Ұсынысым орынды деп тапсаңыздар – мен қол ұшын созуға дайынмын», - дейді сатирик Көпен Әмірбек.