Сәтбаев каналынан Астанаға су тарту тоқтатылды – министр
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада су көлемі жеткілікті болғандықтан Қаныш Сәтбаев каналынан су тарту тоқтатылды. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлім етті.
«Қ. Сәтбаев каналы арқылы біз өткен жылы Астана су қоймасына 43 млн текше метр және Нұра өзеніне 50 млн су жібердік. Биыл 1 қаңтардан бастап су жіберу тоқтатылды, себебі Астанада тәуліктік су көлемі жеткілікті. Көктемде су тасқыны кезеңін бақылаймыз, биыл қар қалың жауды. Су қоры қалыпты деңгейде болады деп ойлаймыз, - деді Нұржан Нұржігітов Мәжілісте өткен «Республикадағы сарқынды суларды қайта пайдаланудың проблемалары мен перспективалары» атты дөңгелек үстелден кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Сондай-ақ, министр қажет жағдайда Сәтпаев каналынан Астана су қоймасына су тартылатынын айтты.
Еске сала кетсек, былтыр жыл соңында Астана әкімі ресми түрде Астанада су тапшылығы жоқ екенін мәлімдеген еді.
Әкімнің айтуынша, елордада алдағы бірнеше жылға жететін су қоры бар.