Сәтпаев полициясы басшысының орынбасарын ұстау кезіндегі видео жарияланды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Сәтпаевта жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары пара алу арқылы жол ережесін бұзған көлік жүргізушісін жазадан босатып жібермек болған деп айыпталуда. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлайды.
Жемқор деген күдікке ілінген шенеунікті ұстау бойынша жүргізілген арнайы операцияға Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті жеке қауіпсіздік басқармасы мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің қызметкерлері жұмылдырылған. Күдіктіні ұстау сәті түсірілген видео әлеуметтік желіге тарап кеткен.
Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Құдияров қызметкерге қатысты ҚР ҚК 366-бабы бойынша («Пара алу») сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің қызметкерлері облыстық ІІД жеке қауіпсіздік басқармасының қызметкерлерімен бірлесе азаматты әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауапқа тартпау және ақшалай пара алу істері бойынша Сәтпаев қалалық ІІБ жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасарын ұстады. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабар береді облыстық ІІД баспасөз қызметінің бастығы Бақытжан Құдияров.