«Сәтті қадам» жобасы аясында ЖОО түлектері жұмысқа тұра алады

АСТАНА. 24 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанаты «Сәтті қадам» деп аталатын жаңа жобаны қолға алатындығын жариялады.

«Сәтті қадам» жобасы аясында ЖОО түлектері жұмысқа тұра алады

Оның аясында ағымдағы жылы 300-ге жуық университет түлектері мемлекеттік органдар мен ірі ұлттық компанияларда тәжірибе жинақтап, жұмысқа тұра алады.

«Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Сыдықовтың айтуынша, әзірше бұл жоба Астана және Алматы қалаларында қолға алынбақ. «Бүгін ол жоба Астанада басталса, қыркүйек айында Алматыда іске асатын болады. Ал өтініштерді қарау барысында ең алдымен оқуды үздік бітірген түлектердің түйіндемелері іріктеліп алынады», - дейді Н.Сыдықов. Астанада түйіндемелерді тапсыру мерзімі бүгіннен бастап тамыздың 15-сіне дейін жүргізіледі. Тамыздың 15-25-сі аралығында барлық құжаттар қаралып, түлектердің алғашқы легі қыркүйектің 1-інен бастап тағылымдамаға шыға алады. «Сәтті қадам» жобасына қатысты барлық мәліметтерді www.zhasotan.kz сайтынан немесе +77172707715 телефоны арқылы алуға болады.

Айта кетейік, әзірше «Сәтті қадам» жобасына 6 мемлекеттік орган және 8 ұлттық компания қасылуға ниет білдірді.