Сатушыдан түбіртек талап етудің мәні тереңде – Серік Жұманғарин

АСТАНА. KAZINFORM – Сіз тауар сатып алғанда түбіртек талап етесіз бе? Неліктен түбіртек талап ету керек? Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында осы сұрақтарға тағы бір тоқталдық. 

Серік Жұманғарин
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

– Түбіртек талап етудің негізінде салық төлету жатқан жоқ. Оның мәні терең. Біз ертең қандай мемлекет боламыз? Болашақ қалай болады? Азаматтық қоғам белсенді бола ма? Мысалы, мейрамханаға барғанда төлем жасауға бірнеше POS терминал ұсынады, біреуімен тағамды төлейсің, екіншісімен сусынды төлейсің, тағы сол сияқты. Бұл дегеніміз – ірі бизнесті ұсақтау. Қонақүйге барасың, әрбір қабат – бөлек компания, бірақ қожайыны бір адам. Бұл – дұрыс емес, бірақ бұған заңмен тыйым салынбаған, сондықтан сондай әрекеттердің болуы мүмкін, - деп жасап берді Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин. 

Осы орайда Ұлттық экономика министрі елімізде бизнеске жағдай жасалғанын айтып өтті. 

– Қолдан келгенше жағдай жасалып жатыр, инфрақұрылымды, жолды саламыз. Бизнес климатты жақсартып, сыртқы нарыққа шығуға жағдай жасаймыз. Сонымен қатар бизнес несиенің мөлшерлемесін төмендетеміз, субсидия, гарантия береміз. Бизнестің барлық түріне теңдей жағдай жасалған. Біздің бір ғана сұрайтынымыз – пайданы жасырмай, салық төле. Білеміз, кезінде қате жібердік, қазір оны өзгертіп жатырмыз. Көбіне ұнамайды, басқа мемлекеттерге көшіп кетеміз деп жатады, көшіп көрсін, айырмашылығын бірден түсінеді, - дейді ол.

Айта кетейік, 9 сәуірде Мәжіліс Салық кодексінің жаңа жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Салық кодексінің жаңа жобасы бойынша салық есебін тапсыратындар саны 30 пайызға қысқарады.

Еске салсақ, қосылған құн салығы салынатын айналымның төменгі шегі 40 млн теңге болады.

Сондай-ақ Серік Жұманғарин корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі өсетін салаларды атады.

Соңғы жаңалықтар