Сауалнама: АҚШ-та Қытайды қауіп деп санайтындар азайған
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та жүргізілген соңғы сауалнамаға сәйкес, америкалықтардың 57 пайызы Құрама Штаттар Қытаймен достық қарым-қатынас орнатып, ынтымақтастық пен диалогты жалғастыруы керек деп санайды.
Бұл туралы Синьхуа агенттігі Чикаго жаһандық мәселелер жөніндегі кеңесінің (Chicago Council on Global Affairs) жаңа есебіне сілтеме жасап хабарлады.
Зерттеу нәтижесі америкалық қоғамда Қытаймен өзара іс-қимылды қолдау үрдісі 2024 жылдан бері біртіндеп күшейіп келе жатқанын көрсеткен.
Кеңестің 2025 жылғы сауалнамасында Қытаймен байланыстарды дамытуға негізінен Демократиялық партия жақтастары көбірек қолдау білдірген. Ал биылғы зерттеу Республикалық партия жақтастары арасында да осындай көзқарас күшейгенін көрсетті.
Атап айтқанда, республикашылдар арасында Қытаймен достық ынтымақтастық пен өзара іс-қимылды қолдайтындардың үлесі 2025 жылмен салыстырғанда 10 пайыздық тармаққа өсіп, 2019 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жеткен.
Есеп авторларының пікірінше, америкалықтардың Қытаймен ынтымақтастықты көбірек қолдай бастауының негізгі себептерінің бірі — Қытайды қауіп ретінде қабылдайтын азаматтар үлесінің азаюы.
Сонымен қатар 2021 жылмен салыстырғанда, бүгінде Қытайдың әлемдегі беделі мен ықпалы артып келеді деп санайтын америкалықтар саны көбейген.
Сауалнама биыл 10-21 шілде аралығында АҚШ-тың барлық 50 штаты мен Вашингтон қаласында жүргізілген. Зерттеуге 2156 кәмелетке толған азамат қатысқан.
Айта кетейік, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 23-25 қыркүйек аралығында АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барады. Сапар барысында ол АҚШ Президенті Дональд Трамппен Қытай-АҚШ қатынастарының өзекті мәселелерін талқылайды.