Сауалнама бойынша Францияның жаңа премьері президент Олландтан екі есе беделді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Францияның жаңа премьер-министрі Манюэль Вальс беделділік рейтингісі бойынша президент Франсуа Олландты басып озды. LH2 институты жариялаған сауалнама бойынша, француздардың 56 пайызы осыдан бір апта бұрын ғана тағайындалған үкімет басшысы туралы оң пікірде екендіктерін білдірген.
Аталған көрсеткішті ескере отырып, муниципалдық сайлауда социалистердің жеңілісінен кейін Олландтың бастамасымен министрлер кабинетінде жасалған өзгерістер күтілген нәтижелерге қол жеткізді деп айтуға болады. Өйткені Вальстың ізашары - үкімет басында 2 жыл отырған Жан-Марк Эйроны француздардың тек 23 пайызы ғана қолдаған болатын.
Вальстың мықтылығы - ішкі істер министрі болып тұрған кезде біршама қатаң іс-әрекеттерінің өзі жақтастары - социалистердің ғана емес, кейде либерал-консерваторлардың да қолдауына ие болып отырғандығында. Дегенмен, сарапшылардың пікірінше, бұл саясаткердің де танымалдығы жақын болашақта едәуір құлдырауы мүмкін. Алайда дәл қазіргі сауалнама бойынша Вальс Олландтың өзінен көш ілгері тұр. Айта кетейік, бұл сауалнамада Олландтың жинаған дауысы - 27 пайыз.