САУАЛНАМА: Елорда тұрғындары Астанада қандай мәдени және демалыс орындары болғанын қалайды?

Жер жаһан Астананы қазақтың бас қаласы ретінде ғана емес, Еуразия кіндігіндегі ең белсенді әрі әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын орталыққа айналғанын да мойындап отыр. Заман талабына сай экономикалық және мәдени орталық болып қалыптасып, тәуелсіз Қазақстанның символы, мемлекетіміздің қарқынды дамуы мен әл-ауқатын арттырудың негізі, шығыс пен батыс мәдениетін тоғыстырып тұрған теңдессіз шаһарға айналған қала республикамыздың жетістіктері мен гүлденуінің айнасы. Мемлекеттің елордасы - қазақстандықтардың үлгі тұтар қаласы. Көрікті қаланың ажары-көркі де күннен-күнге толығып, толысып келеді. Сондықтан әр қала, әр облыс орталығы Астана секілді сәулетті де салиқалы шаһар болуға талпынады, Астанаға қарап бой түзейді.
Астанада оның өзіндік символы болып табылатын теңдесі жоқ құрылыс «Бәйтерек» монументі, «Атамекен» картасы этно-мемориалды кешені, «Думан» ойын-сауық орталығы, цирк тәрізді көпшілікке есігі әрдайым айқара ашық мәдени орындар бар. Сондай-ақ Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық-драма театры, Астана опера және балет театры тәрізді рухани құндылықтармен сусындауға мүмкіндік беретін орындар да елорда тұрғындары мен қонақтар үшін аянбай қызмет көрсетуде. Кітапханасы, концерттік залы, органдық музыка залы бар Президенттік мәдени орталығы жұмыс істейді. Астананың мәдени өмірінде балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық сарайы, «Жастар» сарайы, мемлекеттік филармония, мұражайлар да маңызды рөл атқаруда.
Астана тек геосаяси орталыққа айналу ғана емес, атап өткеніміздей, мәдени орталық та болу жолында дамып, мұнда тынығу, сейілдеу және туристік саяхат нысандары жүйесі қанат жайып келеді. Қай-қайсымыз мемлекетіміздің қуатты жасампаз әлеуетінің символы ретінде Астананың гүлденуіне өз үлесімізді қоса аламыз. Осы тұрғыда біз елорда тұрғындарынан Астананың мәдени, демалыс, ойын-сауық орталықтарын қандай сипатта көргісі келетіндерін, болашақта көрікті қаламызда қандай орындардың болуын қалайтындарын сұрап білген едік.
"Астанада қандай мәдени, ойын-сауық, демалыс орындары болғанын қалайсыз?" деген сауалымызға Л.Гумилев атындағы Еуразия университетінің 4 курс студенттері Айдана Нұржауова мен Арайлым Ықыласова жастардың көңілді демалысы үшін қажетті: "Барып демалатын үлкен ботаникалық бақ болса" деген пікірлерін білдірді.
"Астанаға меніңше, жергілікті ауа райына бейімдендіріп теңіз сияқты үлкен аквапарк жасау керек", деді Айдана, ал Арайлым: "Астананың ауа райына байланысты қысқы демалыс орны болғаны жақсы. Мысалы, шетелдерде, қасында шаңғы теуіп, демалуға болатын ағаштан салынған үйлер болады, бұл маған ұнайды. Яғни, Алматыдағы Шымбұлақ сияқты болғанын қалаймын", деген ойын айтты.
Ал Ксения есімді бойжеткен: "Астанада мәдени, ойын-сауық орталықтары жетерлік. Тек енді мәдени тарихи орындар қажет шығар деп ойлаймын, келген адамдар біздің тарихымыздан мағлұмат алатындай, оған қызығушылық танытатындай. Сондай танымдық сипаттағы демалатын жерлер болса", дейді. Оның құрбысы Алуа: "Алматыда мысалы, Медеу бар, яғни Алматыға барған жан Медеуге бір соқпай кетпейді. Тауға шығып сырғанақ тебеді, демалады. Біздің астанамызда да сондай ең бірінші кезекте барғың келетін бір нәрсе болғанын қалаймын", деген ойын айтты. Сондай-ақ ол елордада өзіндік бір ерекшеліктері бар зообақ болғанын қалайды екен. "Кореяда, Жапонияда олардың өзіндік салттарынан хабардар ететін бірқатар тамаша мәдени демалыс орындары бар. Мысалы, оларда жабық саябақ бар, оның ішінде аттракцион бар. Әсіресе, қыс маусымында Астанада баратын сондай жер болғанын қалаймыз", дейді Алуа.
Қызылорда облысы Шиелі ауданынан арман қуып Астанаға ат басын бұрған жастардың бірі Нұржан болса көпшілікке қолжетімді би үйірмесі болып, хип хоп тәрізді көше билерінен жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрса, деген тілегін айтты: "Әрі спорт, әрі тамаша демалыс түрі ретінде өзім айналысатын болғандықтан, соны қалаймын. Шетелдерде бұл дамыған, бізде әлі жеткілікті дамымай жатыр".
Бірқатар елордалық тұрғындардың пікірінше, қалада дұрыс демалу және мәдени-рухани байлық алу үшін бәрі жеткілікті. Ал енді біреулері Астанада зообақ болғанын қалағандарымен, жергілікті ауа райына байланысты оны тек соған бейімдеп жасау керектігін айтады.
"Қазір Астана тұрғыны ретінде сол жағалаудағы биік ғимараттардың үстіне шығып бар маңды шолғым келеді. Мен үшін бұл аса қызық", деген Мерейдің сөзін замандасы Динара: "Яғни елордада үлкен, мысалы, Алматыдағы Көктөбе сияқты қаланы алақандағыдай етіп көрсететін биіктіктен шолуға мүмкіндік беретін жер болса дейміз", деп қостады.
Ал Жібек қалада жабық аквапарк болғанын қаласа, Тимур есімді жігіт Астанада киноларды өз тілінде көрсететін кинотеатрлардың және ойын-сауық паркі, кәсіби веложолақ, метро, аттракциондар паркі тәрізді демалыс ошақтарының жетіспеуін сезінетінін айтты. Екі баланың анасы Лаура балаларға арналған теміржол, фильмдер мен мультфильмдер көрсететін кинотеатрлар, театрлар, танымдық орталықтар болса деген тілегін білдірді. "Демалыс уақытында балаларды қандай мәдени орынға апаратынымызды білмейміз", - дейді ол.
"Бурабай сияқты тым қымбат емес, бағасы қалта көтеретін жаздық және қысқы демалыс орындары қажет бізге", дейді Данияр есімді азамат.
Бұл сауалнамадан түйгеніміз, астаналықтар өздері тұратын шаһардың рухани, мәдени, туристік тұрғыдан дамып, өркендеуіне, әрі қарай жетілуіне аса мүдделі. Олардың тарапынан әсіресе, Алматының Көктөбесі мен Шымбұлағы, Медеуі тәрізді елорда табиғатына сай келетін демалыс орындарын неге қолға алып, ашпасқа деген пікір жиі білдірілді. Сондықтан аталған пікірлерді ескерсе деген үмітпен кәсіпкерлер мен қаланың мәдени, ойын-сауық, демалыс саласына жауапты адамдардың құлағына алтын сырға дегіміз келеді. Гүлнәр Жомартова