Сауалнама: Германия тұрғындарының 88 пайызы канцлер Мерцтің жұмысына көңілі толмайды

АСТАНА. KAZINFORM – Германияның федералдық канцлері Фридрих Мерцтің жұмысына көңілі толмайтын азаматтардың үлесі рекордтық деңгейге жетті. Forsa қоғамдық пікірді зерттеу институтының сауалнамасына қатысқандардың небәрі 11 пайызы үкімет басшысының қызметін оң бағалаған, деп хабарлайды Euronews.

Германия канцлері Фридрих Мерц
Фото: Анадолу

RTL/ntv-Trendbarometer сауалнамасының нәтижесіне сәйкес, канцлердің жұмысына көңілі толмайтын респонденттердің үлесі өткен аптамен салыстырғанда екі пайыздық тармаққа өсіп, 88 пайызға жеткен.

Фридрих Мерцті өзі өкілдік ететін Христиан-демократиялық одақ пен Христиан-әлеуметтік одақтың (ХДС/ХСС) жақтастары да сынға алып отыр.

Егер парламент сайлауы алдағы жексенбіде өтетін болса, сауалнамаға қатысқандардың 26 пайызы «Германия үшін балама» партиясына, 21 пайызы ХДС/ХСС блогына дауыс беретінін айтқан.

ХДС/ХСС блогы мен Германияның социал-демократиялық партиясының жиынтық қолдау көрсеткіші 34 пайызды құрады. Өткен аптамен салыстырғанда партиялардың көрсеткіштері өзгермеген.

Германиядағы қоғамдық көңіл күйге экономикалық жағдай да айтарлықтай әсер етіп отыр. Энергия ресурстарының қымбаттауы, зейнетақы мәселесі және реформалар жүргізу қажеттілігі федералдық үкіметтің алдында күрделі міндеттер қойып отыр.

– Сауалнамаға қатысқандардың 64 пайызы алдағы жылдары экономикалық жағдай нашарлайды деп күтеді. Небәрі 17 пайызы жағдайдың жақсаратынына үміттенсе, тағы 17 пайызы экономикада өзгеріс болмайды деп есептейді, – делінген Euronews ақпаратында.

Сонымен қатар респонденттердің 59 пайызы электр энергиясына салынатын салықты уақытша емес, тұрақты негізде төмендетуді қолдайды.

Зерттеу нәтижесінде саяси партияларға деген сенімнің де төмен екені байқалды. Сауалнамаға қатысқандардың 57 пайызы елдегі мәселелерді өзгелерден жақсы шеше алатын бірде-бір партия жоқ деп есептейді.

ХДС/ХСС жақтастарының 60 пайызы канцлердің жұмысын теріс бағаласа, 39 пайызы оның қызметіне көңілі толатынын айтқан.

Ал билеуші коалиция құрамындағы Социал-демократиялық партия жақтастарының 86 пайызы Фридрих Мерцтің жұмысына наразы.

Репрезентативті сауалнама 2026 жылғы 17-23 қараша аралығында жүргізілген. Оған 1004 адам қатысқан. Статистикалық қателік шегі ±3 пайыздық тармақты құрайды.

Айта кетейік, бұған дейін Германияның билеуші коалициясы электр энергиясына салынатын салықты 20,5 есе төмендету туралы келісімге келген болатын. Салықтық жеңілдіктерге 5,4 млрд еуро бөлу жоспарланған.