Сауалнама: қазақстандықтардың 93,3 пайызы Елбасының кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу туралы шешімін қолдайды

АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 93,3 пайызы Елбасының кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу туралы шешімін қолдайды.

Сауалнама:  қазақстандықтардың 93,3 пайызы Елбасының кезектен тыс  Президенттік сайлау өткізу туралы шешімін қолдайды

Бұл туралы бүгін «Қазақстан халқының әлеуметтік-саяси көңіл-күйінің серпіні» әлеуметтік зерттеуінің нәтижелерін ұсынған «ИнфоСистем» зерттеу орталығы» қоғамдық қорының директоры Салтанат Ахметова мәлім етті.

Сауалнама «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм институтының тапсырысы бойынша 2011 жылғы 1-23 ақпан аралығында жүргізілді. Оның барысында 14 облыс пен Астана мен Алматы қалаларында 18-63 аралығындағы барлығы 1624 респонденттен сауалнама алынды.

"Референдумнан бас тарту туралы шешім қабылдап, Президент сайлауын кезектен тыс өткізуді ұсынған Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жасаған мәлімдемесі туралы білесіз бе?" деген сұраққа респонденттердің барлығына дерлігі, нақты айтқанда 97,6 пайызы "білемін" деп жауап берді. Ал Елбасының кезектен тыс Президенттік сайлауды өткізу туралы шешіміне қатысты қойылған сауалға респонденттердің 93,3 пайызы оң пікірін білдірді. Қалған 3,4 пайызы бейтараптық, 1,2 пайызы қарсы ұстанымда болды», - деді С. Ахметова.

С. Ахметова мәлім еткендей, ҚР Президентін кезектен тыс сайлау тағайындау туралы халық үшін ақпараттың көзі телевизия болып табылады. (Орталық телевизия-68,6 пайыз, жергілікті телевизия - 54,2 пайыз). Екінші кезекте интернет көздері (42,4 пайыз), үшінші орталық және жергілікті баспасөз (сәйкесінше 33,2 және 31,6 пайыз).

Сауалнамаға қатысқан респонденттерге сондай-ақ елдің әлеуметтік-саяси жағдайына қатысты сауалдар қойылды. Нәтижесінде елдегі жалпы жағдайға «қолайлы, бірқалыпты» деп баға бергендер саны 89,6 пайызды құрады. «Өзінің және отбасының өмір деңгейіне қанағаттанатындардың саны едәуір жоғары екені байқалды. Ол сауалнамаға қатысқандардың 81,8 пайызын құрады. Толық және ішінара өз өміріне қанағаттанбайтындардың жалпы көлемі 16,6 пайызды құрады. Респонденттердің басым бөлігі елдегі экономикалық жағдайға оң баға берді. Азаматтардың 90.2 пайызы ағымдағы экономикалық жағдай тұрақты даму үстінде деп санайтындықтарын білдірді», - деді ол.

Сұрақтардың үшінші легі Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың Жолдауына қатысты болды. Елбасының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауы жұмыс күні жолданғанына қарамастан, халық арасында жүргізілген сауалнама бұл оқиға жөнінде хабардар болғанын көрсетіп отыр.

«Жасына, ұлты мен тұратын жеріне қарамастан сауалнамаға қатысқан азаматтардың 91,4 пайызы Елбасының жыл сайынғы Жолдауын ел үшін ғана емес, сонымен бірге жеке өзі үшін де маңызды оқиға деп білетінін айтты»,-деді қор директоры.