08:53, 06 Қараша 2013 | GMT +5
«Сауалнама нені көрсетті?»- БАҚ-қа шолу
АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 6 қараша, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

*** «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында «Үкімет ширыға түсті» деген мақала берілген. Үкімет отырысы барысында алты вице-министр сөгіс алды. Онымен қоса бірқатар комитет төрағалары және басқа да лауазымды тұлғалар жазаланды. Сондай-ақ, бірқатар облыс әкімдерінің орынбасарларына сөгіс жариялау тапсырылды. Себебі, олар Елбасы тапсырмаларын өз деңгейінде орындамаған. Кеше Үкімет отырысында Премьер-Министр Серік Ахметов тапсырманы тиянақты тындырмағандарды осылай жазалады. «11 қазандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы біздің жұмысымызды өткір сынға алған болатын. Президент Үкіметке бірқатар нақты тапсырмалар берді. Қазіргі таңда мемлекеттік органдар, министрлер, әкімдер тарапынан тапсырмаларды орындау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмей отыр», деген қатаңдау сынмен бастады Үкімет басшысы кешегі отырысты. Сонымен қатар бас басылымда «Бағдарламалардың іске аспайтыны - бақылаудың әлсіздігінен» атта мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Соңғы кезде газетімізде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасының айтқан сын-ескертпелеріне арналған арнаулы беттер мен топтама мақалалардың ұйымдастырылып, мемлекеттік атқарушы органдар қызметінде орын алып отырған кемшіліктер нақты мысалдармен әйгілене бастаған еді. Иә, Үкіметтің, жергілікті биліктің жұмысында сылбырлық, кемшіліктер аз емес. Осы орын алып отырған олқылықтар мен кемшіліктерді Үкіметтің өзі де мойындап, одан қорытынды шығаруға кірісті. Соның бір айғағы кешегі күні аталған мәселеге арналып өткізілген Үкімет отырысы болды. Демек, сең сөгілгендей, Үкімет қозғалысқа келгендей. Еліміздегі атқарушы биліктің осы бағыттағы әрекеттерін құптай отырып, Елбасы тапсырмасының орындалу барысы үнемі біздің назарымызда болатынын оқырмандар қаперіне саламыз»,-деп жазады газет. Кеше «Қазмедиа» орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары мен айтқан сындарына орай Парламент Мәжілісінің депутаты Светлана Романовская мен «Демократияны дамыту институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы» қоғамдық ұйымының директоры Юлия Кучинская журналистермен брифинг өткізді. Светлана Романовская өзінің сөзін он жылдан бері «әзірлену үстіндегі» «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасының Парламентке әлі күнге дейін ұсынылмай келе жатқанын айтып, сыни пікір білдіруден бастады. Егер бұл заң қабылданса, әлеуметтік маңызы бар проблемалардың орындалуын, мемлекеттік қаражаттың орынды жұмсалуын бақылайтын нақты қоғамдық институттар ұйымдастырылар еді, деді ол. Одан әрі депутат Президенттің шағын несие беру мәселесі туралы сындарының өте орынды екенін, аймақтарға шыққан сайын осы проблемамен бетпе-бет келетінін жеткізді. *** «Айқын» газетінің жазуынша, Шымкент қаласында облысымыздың ең қарт тұрғыны 104 жастағы қарт Назым Мәмбетәли өмір сүріп жатыр. Көненің көзін көрген ақжаулықты ана 1909 жылы Отырар ауданындағы Шәуілдір елді мекенінде дүниеге келіпті.Тағдыр тауқыметін көп тартқан кейуана қосағы екеуі 5 қыз, 4 ұл тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Назым әже 1996 жылдан бері Шымкент қаласында тұрады. - Адам ұрпағымен бақытты деген ғой. Аллаға мың тәубе, бүгінде 30 немере, 20 шөбере, 6 шөпшек сүйіп отырған бақытты әжемін. Менен көп адам ұзақ жасаудың сырын сұрайды. Мен оларға айтамын, әрдайым адал еңбек етіңдер, бір-біріңе мейірімді, бауырмал болыңдар. Әрдайым жақсылық жасауға жандарың құмар болсын деймін. Жастарға айтарым, елшіл, халықшыл азамат болыңдар. Ондай жандардың несібесі де көп болады, шырақтарым, - дейді әже көңіліндегісін айтып. Бұл туралы «104 жас жасаудың сыры» деген мақаладан оқи аласыздар. Осы басылымда «Сауалнама нені көрсетті?» деген мақала берілген. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке келген «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығы» қоғамдық ұйымының директоры Юлия Кучинская 26-31 қазан аралығында Қазақстан халқы арасында жүргізілген сауалнама қорытындысын жариялады. Оның айтуынша, сауалнама телефон арқылы жүргізілген. Қаланың да, ауылдың да халқын қамтыдық дейді. Сонымен, респонденттерге қойылған «Соңғы жарты жылда мемлекеттік орган өкілдері сіз тұратын елді мекеннің проблемасына назар аударды ма?» деген сауалға халықтың тек 18 пайызы ғана «иә» деп жауап берген. Демек, меморгандар халықтың өзекті мәселесіне бас қатырмайды деген сөз. Сауалнамаға қатысқан әрбір үшінші адам сыбайлас жемқорлық пен мемлекеттік органдардың «сылбыр» жұмысына, 41 пайызы денсаулық сақтау саласына, 24 пайызы жолдардың құрылысына алаңдаулы көрінеді. Ал Президентке сенім деңгейі 97 пайызды құраған. *** «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерді жұмыспен қамтуды мемлекет өз мойнына алуы керек пе?» деген мәселені көтеріп отыр. «Жақында өткен Үкіметтің кезекті отырысында ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерге көңілі толмайтынын айтқан болатын. «Соңғы кезде бізге «Болашақ» түлектері келе бастады. Біз оларды жұмысқа алып жатырмыз. Бірақ бәрін емес. Себебі бізге, ашық айтсақ, бакалавр мамандарын тықпалайды. Олардың білім деңгейі төмен. Біздің саламызға, кем дегенде, магистрлер керек. Ал сыраханада отырып, ағылшын тілін үйренген адамнан кәсіби маман шығады деп айта алмаймын», - деген еді. Ал Үкімет басшысы Серік Ахметов мемлекеттік орган басшыларына «Болашақ» түлектерін жұмыспен қамту мәселесін шешуді тапсырды. Осы орайда «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендерді жұмыспен қамтуды мемлекет өз мойнына алуы керек пе? деген сұрақ туындайды. Егер шетелде оқып келген мамандардың білімі мен білігі сапасыз болса, жұмыспен қамтуда оларға басымдық берудің қажеті қанша?!»,-деп жазады газет. Осы орайда бұл мәселе бойынша бірқатар мамандар өздерінің пікірлерімен бөлісіп отыр. «Өткен жылы Алматы облысындағы Ескелді мен Кербұлақ аудандары шекарасынан Рудничный кентіне дейінгі жол бөлігінде қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы «Көксу - Кировск - Қарабұлақ - Қайнарлы» жобасына 400 млн теңге көлемінде қаржы жұмсалыпты. Бірақ жұрттың қуанышы ұзаққа бармады. Көктем шыға сала асфальт жолдың быт-шыты шықты. Кей жері опырылып та қалды»,-деп жазады «Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санындағы «Желге ұшқан» миллиондарға кім жауап береді?» атты мақалада. Жолдағы жөндеу жұмыстарын «Талдықорған жолдары» мердігер-фирма жүргізген. Жол салушылардың қиыршық тастың орнына нығыздалған балшықты әкеп төсегені анықталды. Оны да алыстан тасымай, жақын маңдағы таудың баурайынан қазып алған. Сондай-ақ Көксу өзеніндегі ескі көпірдің орнына жаңасы салынып, тұрғындарды бір қуантып еді. Бірақ жаңа көпір ескісінен де бетер апатты болып шықты. Тұғырын су шайған көпір бір жағына қисайып қалған. Үстіндегі тақталары да дұрыс орнатылмаған. Тақта мен тұғырдың арасына салынатын арнайы амортизациялық жабындының орнына құрылысшылар мәшине доңғалағының резеңкесін төсепті. Ол аз болғандай, өзен жағасындағы бетон жабындыны топырақтың үстіне салғандықтан, оны да су шайып кеткен. Былтырғы күзде комиссия көпірді қабылдап алудан бас тартқан екен. Сонда да олар «қисық» көпірді бұзып қайта салудың орнына бұрынғыны жамап-жасқай салуды жөн көріпті.