Сауалнама: Ұлы Отан соғысының батырларын бiлемiз бе?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Әлия Молдағұлованың ескерткiшi маңында тiлшiлер Қазақстаннан шыққан Кеңес Одағы батырларының суреттерiн алып, халық арасында сауалнама жүргiздi.

Сауалнама: Ұлы Отан соғысының батырларын бiлемiз бе?

Респонденттерге 12 батырдың фотосуреттерi ұсынылды. Олардың қатарында Хиуаз Доспанова, Мәлiк Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Қарсыбай Сыпатаев, Николай Терещенко, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Леонид Беда, Сағадат Нұрмағамбетов, Талғат Бигелдинов, Нұркен Әбдiров сынды елеулi есiмдер бар.

Сауалнамамыздың нәтижесi көңiл көншiтерлiк емес - жұрт өз батырларын бiлмейтiн болып шықты. Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанындағы сұрапыл шайқастарға қатысып, немiс әскерiне төбеден қырғидай тиген Хиуаз Доспанованы бiреулер Нұркен Әбдiровпен шатастырып жатса, Мәскеудi жау қолынан сақтап қалған әскер басы Бауыржан Момышұлы көп ретте еленбей жатты. Куба көсемi Фидель Кастроның таңдайын қақтырған ерен ер қазаққа елеусiз қалғанына қынжылдық. Дегенмен, сұралғандардың iшiнен Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованы танығандар табылды. Сауалнамаға қатысқан адамдарға Қазақстан жерiнен соғысқа аттанып, асқан ерлiктерiмен елге танылған батырлардың өмiрбаяны мен ерлiктерi жазылған парақшалар таратып отырдық.

Тұрғындардың айтуынша, Ұлы Отан соғысының батырлары туралы ақпарат өте сирек кездеседi. Мектептерде де бұл тақырып тереңнен қаузалмайды деп отыр. Сөздiң жаны да бар шығар, бiрақ iздеймiн десе, кез келген мәлiмет жетерлiк емес пе деген ойда қалдық.

Шара Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнінің 70 жылдығына арналған «Мәңгі есімізде» атты журналистер арасындағы шығармашылық байқау аясында өткен болатын. Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы үздік журналистік материалды анықтайтын байқау Қазақстан Республикасында шығатын республикалық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдары, сонымен бірге электронды бұқаралық ақпарат құралдары арасында жекелеген аталымдар бойынша Қорғаныс министрлігінің мұрындық болуымен өткізілуде.

Оған Ұлы Отан соғысының тарихы, майдангерлердің соғыстан кейінгі тағдыры, тыл еңбеккерлері, ҰОС ардагерлерінің қоғамдық ұйымдары, майдан даласында қаза тапқандарды іздестіру туралы материалдарды жариялаған газет, радио мен телеарна, ақпараттық агенттік тілшілері, сонымен бірге штаттан тыс авторлар қатыса алады.

Байқау жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және журналистерді әлеуметтік маңызды тақырыптарды талқылауға тарту мақсатында өткізіледі.