Сауалнамаға қатысқандардың 97,64 пайызы кандидат Н. Назарбаевқа дауыс бергендігін айтты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жүргізілген сауалнама қорытындылары бойынша сұралғандардың 97,64%-ы кандидат Н. Назарбаевқа дауыс бергендерін айтты. Бұл туралы Әлеуметтік-саяси зерттеулер институтының директоры Айгүл Сәдуақасова мәлім етті.
«Бүгін - Қазақстан халқы үшін ерекше күн. Біздің Әлеуметтік-саяси зерттеу институты сайлау науқаны барысында күні бойы сайлаушылардың кімге дауыс бергенін анықтап, анонимді сауалнама жүргізді. Сауалнама қорытындылары бойынша сұралғандардың 97,64 пайызы кандидат Н. Назарбаевқа дауыс бергендерін айтты. 0,77% респондент Ә. Құсайыновқа, 1,59%-ы Т. Сыздықовқа дауыс берген. Бүгінгі Еxit-poll алдын ала мәліметтері осындай», - деп атап өтті ол.
А. Сәдуақасованың айтуынша, Еxit-poll методикасымен байланысты әлеуметтік зерттеу әдісі сайлау учаскесінен дауыс беріп шыққан сайлаушыларға негізделген. «Қазақстанның барлық аймақтары бойынша біздің сауалнамаға 40 мың респондент қатысты. Сауалнама жүргізуге 350-ден астам адам жұмылдырылды. Бір күн ішінде сауалнаманың төрт толқыны жүргізілді», - деді ол.