Сауалнамалар нәтижесі бойынша қазақстандықтардың 60%-ға жуығы референдумға қатысуға дайын

АҚТАУ. KAZINFORM – 25 қыркүйек күні Ақтау қаласында «SARAP» эксперттік клубының «Энергетикалық саясат және азаматтық жауапкершіліктің қоғамдық санадағы көрінісі» атты аймақтық жиыны өтті. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығы хабарлайды.

Жиналыс
Фото: Қоғамдық коммуникация орталығы

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Күн тәртібіне сәйкес Жолдауда қарастырылған мемлекеттік шешімдер қабылдаудағы азаматтардың қатысуы, азаматтық белсенділік пен жауапкершілік, сондай-ақ энергетикалық саясат, атом электр станциясын салу туралы жалпыұлттық референдум сұрақтары қарастырылды.

Олжас Бейсенбаев
Фото: Kazinform

- Бәріңіз білетіндей референдумның нақты өтетін уақыты 6 қазан болып белгіленді. Зерттеу институты ретінде басқа әріптес институттардың АЭС тақырыбындағы сауалдарына назар аудардық. Қоғамдық саясат институты 2000 адам арасында жаппай жедел сауалнама жүргізген. «Социс-А» институты 1000 адаммен телефон арқылы сауалнама жүргізді. Стратегиялық институты 8000 адам арасында сауалнама жүргізген. Осылардың жауаптарын жинақтап айтар болсақ қыркүйек айында ғана сауалнамаға қатысқан 55-59% референдумға қатысуға дайын екенін жеткізді. 59-60% бөлігі АЭС салуды қолдайтындарын жеткізді. Қазақстанда АЭС салу мәселесі - экономикалық, әлеуметтік мәселенің бәрін шешетін жалғыз инструмент деп қарамауымыз қажет. Алайда ол - ғылым, технология, инфрақұрылым салаларын дамытудың бір катализаторы ретінде бола алады деп есептейміз. АЭС-ті қамтамасыз ететін энергетикалық қауіпсіздік пен оның жетіспеушілігінің орнын толтыруға бүгінгі күні ықпал ете алады деп ойлаймыз. Оны толыққанды осы саланың барлығын дамыту үшін біз енді кешенді дамытуымыз керек. Баламалы энергия көздері, инвестиция, бизнес, халықтың әл-ауқаты бұл тұрақты түрде келе жатқан ең өзекті мәселелер. Бүгін әлем елдері де осы энергетикалық қауіпсіздік, экология оған қолжетімділік тақырыптарын тұрақты түрде көтеріп келе жатыр. Өйткені бүкіл әлем бойынша энергия тапшылығы сезіліп келеді. Бұл дамушы елдерде халық санының артуына байланысты әсіресе Орталық Азия мен Азия елдерінде 2050 жылға қарай әлемдік энергия тұтыну көлемі 50 пайызға артады деген деректі Халықаралық Энергетика агенттігі көрсетіп отыр, - деді «Қазақстандық қоғамдық даму институты» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев.

Айта кетсек, іс-шараға Маңғыстау облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, атом энергиясы саласының мамандары, жастар және азаматтық қоғам, партия, ҚҚДИ өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар