«Сауатсыз шенеуніктер ел беделіне дақ түсірді» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 24 сәуір. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 24 сәуір, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Сауатсыз шенеуніктер ел беделіне дақ түсірді» - республикалық басылымдарға шолу

***

Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров саяси мәлімдеме жасап, онда өзінің Жалпы­ұлттық социал-демократиялық «Азат» партиясынан шы­ғатыны туралы түбегейлі шешім қабылдағанын және бұл қа­дамға баруының себебін жан-жақты түсіндіріп берген болатын. Бұл мәлімдемеге қазақстандықтар тарапынан қызу қолдау білдіріліп, олардың бірнешеуі «Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында «Елбасы төңірегіне топтасайық» атты айдармен берілді.

Елдегі ішкі тәртіп пен азамат­тар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндет болып та­былады. Ал елдің бейбіт өмірі мен күнделікті тыныштығын шын мәнінде жүзеге асыратын құқық қорғау органдарының қызмет­кер­лері екені анық. Бұл тек біздің мемлекетімізде ғана емес, әлем­нің барша елінде қалыптасқан қа­жетті де орынды іс. Демек, құқық қорғау органдары еліміздің өмір­лік қызметінде айрықша рөл ат­қа­ратыны белгілі. Міне, сондықтан да құқық қор­ғау органдары қызметкер­лері­нің арасында кездесетін келеңсіздіктерден арылу үшін оларды сау­сақпен санағандай іріктеу кезеңі басталды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» басылымы «Құқықтық қайта құрылу» мақаласында жазды.

 ***

Бүгінде ойнақтап жүріп от басып, не болмаса азаматтық некеде тұрып, баланың әкесінен алимент өндіре алмай жүргендер де, «баланың әкесі мен емеспін» деп бас тартатындар да баршылық. Сондықтан болар, бұл күні дәл осы мәселе бойынша, сотқа арызданушылар қатары көбейген. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, құжатта көрсетілген әкесінен туылмаған балалар саны 30 пайыздан асатын көрінеді. Сондай-ақ заң органдары бүгінде әкелікті анықтауға арыз берушілер санының артқанын айтып отыр. Бұл мәселе «Алаш айнасы» басылымының бүгінгі санында «Баланың биологиялық әкесін анықтауды сұраған арыздар неге көбейіп кетті?» атты тақырыппен жарияланған мақалада көтерілді.

Сондай-ақ осы басылымның бүгінгі санында геолог Молдияр Серікбаевпен болған сұхбат басылып, ол «Қазақстан картасын өзіміз дұрыстап, қайта жасауымыз керек» тақырыбымен жарық көрді.  Маманның айтуынша, бізде қазақтың жер-суын, тау-тасын, тағы басқа табиғи байлығын арқау еткен жөні түзу оқулық жоқ. Географияның бас құралы карта болса, оның жетісіп тұрғаны шамалы. «Елімізді жерімізді, алғаш өзіміз танып, содан соң өзгеге танытамыз десек, карта мәселесін жадымыздан шығармағанымыз дұрыс»,-дейді геолог.

 ***

«Айқын» басылымының жазуынша, көптеген заңдардың қазақша мәтіндері еш сын көтермейді. Ол ол ма, ұлттық заңнамада жоғары тұратындықтан, екі есе артық көңіл бөлуді талап ететін халықаралық құжаттардың мемлекеттік тілдегі нұсқасында қателер өріп жүр, соның кесірінен Қазақ елінің беделіне дақ түсуде! Бұл мәселе кеше Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында көтерілді. Онда Мәжіліс атынан қосымша баяндама жасаған Мәулен Әшімбаев халықаралық істегі қазақ тіліне қатысты сорақылықтардың бірнеше мысалын келтірді. Оның айтқанына сүйенсек, сауатсыз шенеуніктер Қазақстанның беделіне халықаралық деңгейде нұқсан келтіруде. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Сауатсыз шенеуніктер ел беделіне дақ түсірді» атты мақаладан оқыңыздар.

Осы басылым бетінде сонда-ақ әйгілі академик Төрегелді Шармановпен болған «Дұрыс қартая білу де өнер» атты сұхбат жарияланды. Онда ғалым өзінің өмірбаяны жөнінде баяндап, қоғамдағы көптеген түйткілді мәселелер бойынша ой-пікірлерімен бөлісті.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, 2011 жылдың қорытынды мәліметтері бойынша, еліміздің 20 пайызы спортпен тұрақты түрде шұғылданады екен. Бұл 2010 жылғы көрсеткіштен 2,3 есеге көп. Сонымен қатар елде қолданысқа беріліп жатқан спорттық нысандар да көбеюде. Дегенмен спорт пен дене шынықтыру шын мәнінде бұқаралық сипатқа ие болу үшін бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізу керек. Бұл бағыттағы басты мәселелердің бірі  - еліміздің Бюджет кодексінде спорттық нысандарды тікелей қаржыландыратын тетіктер жоқтың қасы. Ал мектептегі спорт нысандарында спортпен тек болашағынан үміт күттіреді деген балаларға ғана айналысуда. Бұл мәселе кеше Қазақстан республикасы Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында көтеріліп, «Казахстанская правда» басылымының бүгінгі санында «Обеспечить спорту массовость» атты тақырыппен жарияланды.