Сауд Арабиясы Францияға дизель отынын жеткізу мерзімін ұзартуға келісті
АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясы Францияға дизель отынын қосымша жеткізуді қажетті мерзімге дейін жалғастыруға келісті. Бұл жөніндегі келісім Франция президенті Эмманюэль Макронның Эр-Риядқа сапары кезінде жасалды, деп хабарлайды Al Jazeera.
21 қазанда Франция президенті Сауд Арабиясының тақ мұрагері әрі премьер-министрі Мұхаммед бен Салманмен Әл-Ямама сарайында кездесті.
Елисей сарайының мәліметінше, Эр-Рияд Францияның энергетикалық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін дизель отынын қосымша жеткізуді қажетті мерзім бойы жалғастыруға келіскен. Алайда жеткізілетін отынның нақты көлемі жарияланған жоқ.
Келіссөз барысында тараптар қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және Ормуз бұғазына тәуелділікті азайтуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша консультацияларды жалғастыруға уағдаласты.
Франция тарапының мәліметінше, Париж Сауд Арабиясына Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу портында орналасқан стратегиялық энергетикалық инфрақұрылымды қорғауға көмектесіп жатыр. Бұл нысанға Йемендегі «Ансар Аллах» қозғалысының (хуситтер) шабуылдары жасалған.
Макронның сапары Иранмен қарулы қақтығыс пен Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының шектелуінен туындаған энергетикалық дағдарыс кезінде өтті. Францияда жанармай бағасының өсуі жаппай наразылықтарға себеп болған факторлардың бірі саналады.
Бұған дейін Парсы шығанағы елдеріне сапары барысында Франция президенті Біріккен Араб Әмірліктері мен Бахрейннен қосымша дизель отынын жеткізу жөнінде келісімге келген еді. Әр ел Францияға ай сайын шамамен 100 мың тонна отын жеткізуге келіскен.
Al Jazeera мәліметінше, Сауд Арабиясының жеткізілімін қосқанда, Францияға ай сайын жеткізуге кепілдік берілген дизель отынының жалпы көлемі 295 мың тоннаға жеткен. Бұл елдің айлық тұтыну көлемінің 10 пайызынан астамы.
Айта кетейік, Франциядағы жаппай тәртіпсіздік шығыны 1,2 млрд еуроға жетуі мүмкін.