Сауд Арабиясы Голливудқа фильмді түсіру шығындарының 60%-ын қайтаруды ұсынады

АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясы Голливудты фильмдер мен сериалдар өндірісіне арналған ірі төлемдер арқылы тартуды көздеп отыр. Корольдік билік ел аумағында түсірілген жобаларға кеткен шығынның 60%-ына дейін продюсерлерге қайтаруға дайын, деп хабарлайды Bild.

Сауд Арабиясы Голливудқа фильмді өндіруге кеткен шығынның 60%-ын өтеуді ұсынды
Фото: Pexels

Салыстыру үшін айтсақ, Германияда бір фильмге берілетін мемлекеттік қолдаудың ең жоғары көлемі 25 млн еуроға дейін жетеді. Ал Сауд Арабиясы аумағында бюджеті 100 млн доллар болатын жоба түсірілсе, продюсерлер шығынның 60 млн долларына дейін қайтара алады.

Киноиндустрияны қолдауға арналған жаңа бағдарлама туралы Сауд Арабиясы өкілдері Cannes Film Festival кезінде мәлімдеді. Басылым дерегінше, шығындарды өтеу көлемі мемлекеттік киноқаржыландыру жүйесін дамытып жатқан елдер арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне айналған.

Сауд Арабиясы елге голливудтық режиссерлерді, продюсерлерді және ірі халықаралық студияларды тартуды көздеп отыр. Билік кино және ойын-сауық индустриясын тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман жүзеге асырып жатқан «Vision-2030» бағдарламасы аясында дамытуды жоспарлаған.

Сарапшылардың бағалауынша, жаңа шарттар әлемдік киноөндіріс нарығына елеулі әсер етуі мүмкін. Германияның Федералдық киноқаржыландыру агенттігінің басшысы Кирстен Нихаус еуропалық елдер ірі жобалардың бір бөлігінен айырылып қалу қаупі бар екенін айтты.

— Ірі фильм өндірушілер Еуропадан кетуі немесе мүлде келмеуі мүмкін, — деді ол.

Соңғы жылдары Сауд Арабиясы спортқа, туризмге, музыка мен киноға белсенді инвестиция құйып келеді. Осы арқылы ел халықаралық аренадағы ашық имиджін қалыптастырып, экономиканың мұнай табысына тәуелділігін азайтуды мақсат етіп отыр.

Сонымен қатар, құқық қорғау ұйымдары корольдікті адам құқықтарына қатысты жағдай үшін сынауын жалғастырды. Батыс медиасында өлім жазасының көбеюі туралы мәселелер жиі көтеріледі.

Айта кетейік, Голливуд жұлдыздары Paramount пен Warner Bros-тың бірігуіне қарсы шықты.