Сауд Арабиясы көне өркениеттердің мұрасын зерттейді
АСТАНА. KAZINFORM — Сауд Арабиясы Әл-Уле мен Хайбарда 2026-2027 жылдарға арналған археологиялық зерттеу маусымының басталғанын жариялады, деп хабарлайды Kazinform Saudi Press Agency агенттігіне сілтеме жасап.
Жаңа зерттеу маусымында мамандар Араб түбегіндегі адамзаттың алғашқы іздерін, ежелгі патшалықтар мен оазистер маңындағы қоныстардың тарихын зерделейді. Сондай-ақ сауда және қажылық жолдарын, сумен жабдықтау жүйесі мен көне қоғамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі зерттеледі.
Бұл зерттеу ежелгі өркениеттерді танып білуге, мәдени мұраны сақтауға және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Оның негізгі бағыты өңірдің жазба мұрасын зерделеуге арналады. Әл-Уле аумағынан бүгінге дейін 25 мыңнан астам көне жазба табылған. Олар Арабия түбегінің солтүстік-батысындағы тарихты, тілдерді және мәдени байланыстарды тереңірек тануға жол ашады. Бұдан бөлек мамандар ежелгі қыш бұйымдарды, жануар сүйектерін және оазистердегі су жүйелерін зерттеп жатыр.
Бағдарлама аясында саудиялық мамандар даярланып, студенттер далалық және зертханалық зерттеулерге қатысады. Сонымен қатар халықаралық ғылыми мекемелермен ынтымақтастық орнату көзделген. Бұл бастама ұлттық мұраны сақтауға және Сауд Арабиясының мәдениетін шетелде кеңінен танытуға бағытталған «Saudi Vision 2030» стратегиясының мақсаттарына сай келеді.
Бұған дейін Сауд Арабиясындағы аңшылық көрмесінде 5 мыңнан астам өнім таныстырылатыны хабарланған болатын.