Сауд Арабиясына менингококқа қарсы вакцинасыз кіруге рұқсат жоқ

Мекке
Фото: Pixabay.com

АСТАНА. KAZINFORM – Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі 2024 жылы қажылыққа бару үшін вакциналау нұсқауларын жариялап, оның қажылыққа барушы барлық адамдардың денсаулығын сақтаудағы маңыздылығын атап көрсетті. Kazinform агенттігінің тілшісі Қазақстаннан қажылыққа баратындардан қандай екпе талап етілетінін нақтылады.

2024 жылғы қажылық (мұсылман хронологиясы бойынша 1445) 14 маусымда басталады, қазақстандық қажылар киелі жерлерге алдын ала – 5 маусымнан бастап барады.

Жыл сайын қажылыққа әлемнің түкпір-түкпірінен екі миллионға жуық діндар келеді. 2024 жылы Сауд Арабиясының Қажылық және умра министрлігі Қазақстанға 10 мың орындық квота бөлді. 

Жыл сайын Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі алдағы қажылық және умра кезінде корольдікке барғысы келетін қажылық жасаушылар мен маусымдық жұмысшылар үшін кіру визасы талаптары мен нұсқауларын жариялайды.

Сауд Арабиясына бару үшін менингококтық менингит, полиомиелит және сары безгекке қарсы екпе болуы тиіс.

Менингококты менингит 

Барлық елдерден, соның ішінде Қазақстаннан қажылыққа барушылар үшін ми мен жұлынды зақымдайтын және ауа-тамшылы жолмен берілетін ауыр бактериялық инфекциядан қорғайтын менингококты менингитке қарсы вакцина қажет етіледі.

Сауд Арабиясы қажылыққа немесе умраға келетін бір жастан асқан барлық саяхатшылардан төрт валентті (ACWY) менингококқа қарсы вакцинаны соңғы 3-5 жыл ішінде (вакцинаның түріне байланысты) және қажылыққа бару алдында кемінде 10 күн ішінде алғанын растауды талап етеді. Бұл вакцина A, C, W және Y серотоптары тудыратын менингококк ауруынан қорғау үшін ұсынылады.

Сары безгек және полиомиелит

Қажылыққа барушылардың сары безгек пен полиомиелитке қарсы екпелері де болуы тиіс. Талап бұл ауру түрлерінің таралу қаупі бар елдер тізімінен келген қажылыққа барушыларға қатысты, оған Қазақстан кірмейді.

Маусымдық тұмау

Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі шетелдегі қажыларға корольдікке келмес бұрын маусымдық тұмауға қарсы екпе алуды ұсынады. Бұл әсіресе тұмаудан ауыр сырқаттану қаупі жоғары адамдар, соның ішінде жүкті әйелдер, бес жасқа дейінгі балалар, егде жастағы адамдар және денсаулық жағдайы нашар адамдарға қатысты.

Жалпы ұсыныстар

Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі қарт адамдарға (65 жастан асқан), созылмалы аурулары бар адамдарға (мысалы, жүрек ауруы, бүйрек ауруы, тыныс алу жолдарының аурулары, қант диабеті) және иммун тапшылығы, қатерлі және өлім тудырушы аурулары бар қажыларға, жүкті әйелдер мен 12 жасқа толмаған балаларға қажылыққа өз қауіпсіздігі үшін баруды кейінге қалдыруды ұсынып отыр. 

Сауд Арабиясының Денсаулық сақтау министрлігі сонымен қатар барлық қажыларды тыныс алу жолдарының жұқпалы ауруларының таралуын тоқтату үшін жалпы денсаулық сақтау ережелерін сақтауға шақырды.

Сауд Арабиясы денсаулық сақтау органдарының қажылыққа барушыларға қойылатын толық талаптарын Корольдік Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында ағылшын және араб тілдерінде табуға болады.

Соңғы жаңалықтар
telegram