Сауд Арабиясында көпұлтты теңіз коалициясы жұмысын бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Өңір елдері мен халықаралық серіктестер теңіздегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жаңа бастаманы жүзеге асыруға кірісті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Сауд Арабиясында көпұлтты теңіз коалициясы жұмысын бастады
Фото: @modgovksa

Көпұлтты біріккен теңіз күштері коалициясы сәрсенбі күні жедел жұмыс кезеңіне көшіп, Сауд Арабиясындағы командалық штабынан жұмысын бастады. Бұл туралы корольдіктің Қорғаныс министрлігі мәлімдеді.

Коалиция қолбасшысының орынбасары қызметіне Пәкістан Әскери-теңіз күштерінің коммодоры Рашид Шейх тағайындалды.

Штаб жұмысына коалицияға қатысушы мемлекеттердің, сондай-ақ оған қосылу рәсімін аяқтап жатқан елдердің байланыс офицерлері де кірісті.

Мұндай шешім тамыз айында Жиддада өткен жоспарлау жөніндегі үшінші отырыста мақұлданған ұйымдастыру жұмыстары аяқталғаннан кейін қабылданды. Жиынға 39 елдің өкілдері қатысты.

Коалиция қолбасшысы қызметіне Сауд Арабиясы контр-адмирал Абдулла аш-Шехриді тағайындады.

Бірлестік Қызыл теңіздегі, Баб-эль-Мандеб бұғазы мен Аден шығанағындағы халықаралық су жолдарын, сауда бағыттарын, жеткізу тізбектері мен энергетикалық инфрақұрылымды қорғаумен айналысады.

Эр-Рияд коалицияның тек қорғаныс сипатында екенін, БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес әрекет ететінін және қандай да бір мемлекетке немесе ұйымға қарсы бағытталмағанын атап өтті. Оған мүдделі кез келген мемлекет қосыла алады.

Еске сала кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Сауд Арабиясымен жасалатын азаматтық ядролық келісімнің басты шарты ретінде Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруді атады