Сауд Арабиясы азаматтарының шариғатқа қайшы есімдерін ауыстыртқызуда
АСТАНА. 6 маусым. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясы азаматтарының шариғатқа қайшы келетін есімдерін өзгертуге ниеттеніп отыр. Ондайлардың қатарында Мәлік (періште), Нәби (пайғамбар), Әбдірасул (Елшінің құлы), Әбдінәби (пайғамбар құлы) секілді есімдер кіреді. Бұл жайында al-Arabiya басылымы хабар таратты.
Сауд Арабиясының азаматтар халі департаменті өзінің қоластындағы 130 бөлімшесіне есімі шариғатқа қайшы азаматтарды анықтап, олардың тізімін жасауға тапсырма берді.
muslim.kz сайтының жазуынша, дереккөздерге сүйенсек, есімдері шариғатқа теріс азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оларға ныспысын ауыстыру жөнінде талап қойылады. Егер бұл талапты орындаудан бас тартатындар кездесетін болса, оларға заң тұрғысында шара қолданады.