22:05, 18 Қазан 2013 | GMT +5
Сауд Арабиясы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі орнынан бас тартты
ӘБУ-ДАБИ. 18 қазан. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясы Корольдігі Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланғаннан кейін САК Сыртқы істер министрлігі арнайы мәлімдеме жасады.

Ресми Эр-Рияд «осы ұйымды реформалағаннан кейін ғана БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүшелері қатарынан орын ала алады» деп санайды. Өзінің БҰҰ ҚК жұмысына қатысқысы келмейтіндігін Корольдік «Кеңес соғыстарды тоқтатып, шиеленістерді шешуге қауқарсыз болғандықтан, оған мүше болудың да еш мәні жоқ» деп түсіндіреді.
Естеріңізге сала кетейік, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі әлемнің он бес мемлекетінен құралған. Олардың бесеуі - АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Франция және Ресей Кеңес шешімдеріне вето құқығы бар тұрақты мүше мәртебесіне ие. БҰҰ ҚК тұрақты емес мүшелеріне он орын беріледі. Ротация принципі бойынша әр екі жыл сайын тұрақты емес мүшелер құрамы өзгеріп отырады.