Сауд Арабиясы Сирияға қарулы жасақ жіберуге әзір екенін мәлімдеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясы Сирияға арнайы мақсаттағы қарулы жасақ жіберуге әзір, - деп мәлімдеді корольдіктің СІМ басшысы Адель аль-Джубейр. Бұдан бұрын Сауд биліктері Сириядағы жер үсті операциясын қолдауға әзір екендіктерін айтқан, деп хабарлайды ресейлік РБК агенттігі.

Сауд Арабиясы Сирияға қарулы жасақ жіберуге әзір екенін мәлімдеді

Сауд Арабиясының СІМ басшысы Адель аль-Джубейр қазір Сирияға ықтимал жер үсті операциясын жасау мәселесі талқылануда екенін мәлімдеді, деп хабарлады Reuters агенттігі. Олардың айтуынша, Сауд Арабиясы «Ислам мемлекетімен» күресу үшін арнайы жасақ жіберуге әзір.

«ДАИШ-қа қарсы АҚШ басқаратын каолиция Сирияға жер үсті операциясын жүргізгені туралы мәселе айналасында пікірталас жүріп жатыр. Сауд Арабиясы да мұндай операция мақұлданса, өз арнайы жасағын жіберуге әзір екендігін хабарлады», - деді министр.

Сауд Арабиясының мәлімдемесі Дамаскінің ашу-ызасын тудырды. Сирия вице-премьері мен СІМ басшысы Валид Муаллем Сирия аумағына күшпен кіретін шетел агрессорлары отанына «табытпен» қайтатын болады деп мәлімдеді.

Кейін The Guardian газеті Эр-Рияд дереккөздеріне сілтеме жасап, Сауд Арабиясы түрік әскерімен бірлесе әрекет ететін бірнеше мыңдаған арнайы жасақтар террорға қарсы операцияға қатысу үшін жіберілетінін жазды.