Сауд Арабиясынан Қазақстанға салынған инвестициялар соңғы 10 жылда 94,3 млн долларға жетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті. Еске салайық, жалпы отырыста «ҚР Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылдаған болатын.
«Қазақстан мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы тауар айналымы соңғы 10 жылда 268 млн АҚШ долларын, оның ішінде 2015 жылы 16,4 млн АҚШ долларын құрады. Қара металдан жасалған бұйымдар, тазартылған мыс және мыс қоспалары Қазақстан экспортының негізгі баптары болып табылады. Импорт құрылымында дәрілік заттар мен пластмассалар сияқты тауарлар басымдыққа ие. Сауд Арабиясынан Қазақстан Республикасына шетелдік инвестициялар соңғы 10 жылда 94,3 млн АҚШ долларын, оның ішінде 2015 жылы 8,3 млн АҚШ долларын құрады», деді министр Б.Сұлтанов.
Жалпы конвенцияны ратификациялау мемлекеттер арасында экономикалық қарым-қатынастарды кеңейтуге қосымша серпін береді, қолайлы инвестициялық ахуал жасайды.