Сауд Арабиясында қысқа белдемше үшін ұсталған бойжеткен босатылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясында қысқа белдемше киіп, ел азаматтары мен интернет-пайдаланушыларды шулатқан бойжеткен бостандыққа жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.

Сауд Арабиясында қысқа белдемше үшін ұсталған бойжеткен босатылды

Еске салсақ, сейсенбі күні ел полициясы көшеде қысқа белдемше киіп жүргені үшін бойжеткен қызды ұстаған болатын. Мәлім болғандай, ол бірнеше сағаттан кейін, айып тағылмастан босатылған. Елді шулатқан видео интернетке оның рұқсатынсыз орналастырылғаны анықталды.

Қысқа белдемше киіп ауыл көшелерімен серуендеп жүрген қыз туралы видео әлеуметтік желілер арқылы дүйсенбі күні тараған болатын. Желі қолданушылары екіге бөлінді. Бірі шариғат заңын бұзғаны үшін оны жауапқа тарту керек десе, екіншілері бойжеткеннің батылдығына қолдау көрсетті.

Сауд Арабиясында қыз-келіншектерге ашық-шашық, тар киім киюге тыйым салынған. Сондай-ақ көлік жүргізуге, туысқандарынан басқа ер адамдардың ортасында отыруға рұқсат жоқ.