Сауд Арабиясының энергетика министрі мұнай бағасының қымбаттайтынын мәлім етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясының энергетика министрі Әли әл-Наимидің дүйсенбі күнгі мәлімдемесінде мұнай бағасының көтерілетіні, әлемдік экономиканың өсуі «қара алтынға» деген сұраныстың артуына себепші болып отырғаны айтылды.
Таңертеңгі жағдай бойынша ақпан айындағы фьючерстерде Brent эталондық маркалы мұнай бағасы 1,14 пайызға өсіп, бір баррелі үшін 62,52 долларға жетті. Ал WTI маркалы жеңіл мұнайдың қаңтардағы фьючерстерде бағасы 0,90 пайызға, баррелі 58,03 долларға дейін өсті, деп хабарлады Росбалт.
Әбу-Дабиде өткен жексенбі күні болған конференцияда Әли әл-Наими мұнайдың шамадан тыс көп болуы «қара алтынның» өндірушілері арасында ОПЕК аумағынан тыс ынтымақтастықтың болмауына байланысты екенін жеткізді. Сонымен бірге оның айтуынша, әлемдік экономикалық өсім мұнайға деген сұранысты арттырып отыр.
Шарада сөз сөйлеген Катардың энергетика министрі Мұхаммед әл-Сада әріптесімен келісіп, бүгінгі таңда «қара алтын» өндіруде оның артылуы тәулігіне 2 млн баррель құрайтынын атап өтті. Ол сондай-ақ мұнай бағасының өздігінен тұрақтанатынына сенім білдірді.