Сауд Арабиясының шенеуніктері әйел роботқа ел азаматтығын берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сауд Арабиясы роботқа азаматтық берген әлемдегі ең алғашқы ел. Мұндай ерекше қадам аталмыш мемлекеттің жасанды интеллект пен жоғары технологиялардың орталығы екенін көрсетеді, деп жазды USA.one.

Сауд Арабиясының шенеуніктері әйел роботқа ел азаматтығын берді

«Гонконгтің «Hanson Robotics» компаниясының инженерлері құрастырған  София есімді робот Future Investment Initiative жобасының отырысында жүздеген делегаттар алдында  ресми түрде Сауд Арабиясының азаматтығын алды», деп жазды сайт үкіметтің баспасөз хабарламасына сілтеме жасап. Робот өзіне көрсетілген құрмет үшін шенеуніктерге сыпайы түрде алғыс білдірді.



Осыдан кейін роботпен бірге баспасөз мәслихаты өтіп, Софияға түрлі сұрақтар қойылды. Оған неліктен қуанышты болып тұрғанына қатысты қойылған сұраққа «айналасын  ақылды, оның үстіне дәулетті әрі ықпалды адамдар қоршап тұрғанда, ол үнемі қуанышта болатынын» айтты.

София сондай-ақ, Blade Runner және Terminator сынды Голливудтың шытырман фильмдерінде көрсетіліп жатқандай, жасанды интеллекттің көтерілісіне алаңдаудың қажеті жоқтығын атап өтті.

Бұл жаңалық әлеуметтік желілерде қызу талқылана бастады. Кейбір қолданушылар шенеуніктердің роботқа азаматтық құқығын беруіне ашу-ызаларын білдірсе, Твиттер қолданушыларының бірі Софияның қасында неге ер жынысты серігі жоқтығына қызығушылық танытты.