Сауда көрігі қызды
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат - Алматы қаласының Медеу ауданына қарасты «Самал» ықшамауданының тұрғындары Талғар ауданынан әр сенбі сайын жеткізілетін табиғи да таза ауылшаруашылық өнімдерін базардан әлдеқайда төменгі бағада сатып алу мүмкіндігіне ие болды.
Бұған дейін де азық-түлік қамымен алысқа сабылмайтын «самалдық» тұрғындар базар орнының ауысуына байланысты бұл ауылшаруашылық өнімдерінен көз жазып қалған еді. Енді, міне, өткен сенбіде үйреншікті орынға қайта оралған базардың бағы жанып, ауданның әр селолық округінен жеткізілген ет-сүт, көкөніс өнімдеріне деген сұраныс жоғарылап, тауардың демде өтуінің куәсі болдық. Таңмен таласа тұрып, сауда орнын ретке келтіріп, тауарларын тізіп үлгерген саудагерлердің ісі сәтті басталды. Әсіресе, жаңа сойылған жылқы мен сиыр етіне, қазы мен жал-жаяға, сондай-ақ, Белбұлақ ауылының «СоМ и Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жайын, тұқы, табан, ақмарқа, сазан сынды балық түрлері мен Көктөбеден келген тау балына сұраныс артып, ұзынсонар кезекке тұрушылар қатары күн сәскеге көтерілгенде тіптен көбейе түсті.
«Қыстың қамын жаз ойла» деген емес пе, бұл күні арзан бағалы қияр мен қызанақтың, баялды мен картоптың да өз кезегінде саудасы қызып, қалалық тұрғындардың қоржындарын қампайтты.