Сауда министрі Қазақстанда қой етінің бағасы не себепті өскенін түсіндірді
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда қой еті бағасының күрт өзгеруіне Құрбан айт кезінде сұраныстың маусымдық өсуі әсер етті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.
Оның айтуынша, мейрам күндері сұраныстың артуына байланысты кейбір тауарлардың бағасы дәстүрлі түрде көтеріледі.
- Қой етінің қымбаттауына себеп болған басты фактор – Құрбан айт. Сонымен қатар, 8 наурызда гүл үнемі қымбаттайды, ал жұмыртқа бағасы Пасха кезінде өседі. Бұл жерде бастысы - сұраныс пен ұсыныс. Тауарға сұраныс өссе, баға да көтеріледі, яғни экономиканың заңдылығы осындай. Сондықтан таңданудың қажеті жоқ, - деді А. Шаққалиев Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Бұл тұрғыда министр қазір нарықта тұтынушыларда қой етінен басқа сиыр етін немесе жылқы және құс етін таңдау мүмкіндігі бар екенін айтты.
Бұған дейін осы жылы Құрбан айт кезінде Орталық Азия елдерінде қой бағасы өскенін жазған едік.