Министр Pinduoduo сайтының еліміздің сауда саласына ықпалы туралы пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Pinduoduo сияқты маркетплейстердің базар нарығына әсері туралы пікір білдірді.
«Қазір Pinduoduo-ны білмейтін қазақ жоқ шығар. Тіпті соның әсерінен базарда сауда саябырлап қалғанын айтушылар көп. Осы мәселені зерттеп көрдіңіздер ме? Базарлар қай жылдары жабыла бастауы мүмкін? Жабылатын болса, жұмыссыз қалатын адамдардың мәселесін қалай шешесіздер?» - деп сұрады БАҚ өкілі.
Министр Арман Шаққалиев сауданың базардан электронды алаңға ойысуын қадағалап отырғандарын айтты.
«Қазір электронды сауда дамыған сайын саудагерлердің көбі базардан кетіп жатыр. Біз жыл сайынғы тенденцияны бақылап отырмыз. Кейінгі 2-3 жылда бөлшек саудадағы электронды алыс-берістің үлесі 15 пайыздан астам деңгейде артып келеді. Біздің бөлшек сауда нарығында, 1,5 млн адам жұмыс істеп жүр деуге болады. Сіз айтып отырған тенденция осы күйінде жалғасса, жыл сайын базарда жұмыс істейтін адамдардың бестен бірі электронды қызметке ауысуы керек деген сөз. Осындай талдау арқылы есептесек, 2027 жылға қарай базардағы 700 мыңдай адамға электронды саудаға бейімделу керек. Олардың бәрі қарапайым саудагерлер ғой. Сондықтан біз қазірден бастап оларға электронды саудаға бейімделу керектігін айтып жүрміз», - деді министр.