Сауда министрі тауар биржаларының саны неге қысқарып жатқанын түсіндірді

сауда министрі
Фото: primeminister.kz

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев тауар биржаларының саны неге қысқарып жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.

«Биржаның ашықтығын қамтамасыз ету үшін реттеу енгіземіз. Биржаның ішінде бәсекелестік болуы керек. Бізде қазір он тауар биржасы бар. Бұған дейін 21 түрлі тауар биржасы болған еді. Бас прокуратура тексеру өткізгенін білесіздер. Соның қорытындысы бойынша 10 биржа ғана қалды.Оған не себеп болды? Біріншіден, тауар биржаларының көбінде ашықтық болған жоқ. Ол биржалардың инфрақұрылымы заң талаптарына сәйкес болмады. Бір сөзбен айтқанда, ережесі жекелеген топтың мүддесіне ғана жұмыс істейтін, ойыншық биржалар болған еді. Сауда шартын қалай жасағанын өздері ғана білетін, ешкім білмейтін. Көп заңсыздықтар болды. Сондықтан бақылауды күшейтіп, биржаға қойылатын талаптарды қаржылық мүмкіндігі, жарғылық капиталы тұрғысынан қатаңдатамыз», — деді Арман Шаққалиев.

Сондай-ақ, ол заңға енгізілетін бұл өзгерістер көмір, жанармай, астық сияқты қарапайым халықтың тұрмысына әсер ететін тауарлардың бағасын алдын ала болжап, дер кезінде шешім қабылдауға мүмкіндік беретінін айтады.

«Көмір болсын, мұнай болсын, бидай болсын, алғашқы сауда биржа арқылы сатылса, бағаны 3-5 жыл аралығында алдын ала реттеуге болады. Тауар биржасын дұрыс реттесе, олигополия болмайды. Мысалы, көмірдің сатылатын көлемі ашық болады. Арада делдал болмайды. Көмір сататын бір ғана оператор емес, бірнешеу болады. Әр өңірдің өз операторы болады», — деді министр.

Соңғы жаңалықтар