Сауда министрі бағаны тұрақтандыру шараларына түсінік берді
«Бағаларды тұрақтандыру үшін Сауда және интеграция, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің бірлескен бұйрығымен төтенше жағдай режимі кезеңінде 9 әлеуметтік маңызы бар тауарға шекті баға белгіленді. Сонымен қатар, министрлік әкімдіктерге ішкі сауда субъектілерінің шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін сақтауға бақылау жүргізу бойынша ұсыныстар жіберді. Аталған ұсыныстарды орындау үшін әкімдіктер мен министрліктің аумақтық бөлімшелері тұрақты негізде мониторинг жүргізіп, оның қорытындысы бойынша 180 әкімшілік айыппұл салды», - деді Б. Сұлтанов Үкімет отырысында.
Оның сөзіне қарағанда, биылғы жылдың 22 наурызынан бастап төтенше жағдай режимінің әрекет ету кезеңінде 7 тауарды экспорттауға, сондай-ақ тауарларды ай сайын шығаруды квоталауға тыйым салынды.
Бұдан басқа, бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында биылдың наурыз айынан қыркүйек айына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импорты мен сатылуына қосылған құн салығының ставкасы 12%-тен 8%-ке дейін төмендетілді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылдың басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 4,4 пайызға өсті.