Сауда министрлігі азық-түлік өнімдеріне бағаны қадағалауға алады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Сауда және интеграция министрлігі азық-түлік өнімдері бағасы үшін бақылау функциясын өзіне алмақ. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында аталған ведомствлның вице-министрі Ержан Қазанбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында Сауда министрлігіне берілген тапсырмалар аясында атқарылатын жұмыстарға тоқталсақ, біріншіден, Ұлттық тауар өткізу жүйесінің негізгі міндеті өндірушіден ритейлге дейін толық циклді инфрақұрылымның тұтас жүйесін құру болып отыр. Тауар өндірушілер мен жеке қосалқы шаруашылықтардың Көтерме сауда орталықтары жүйесіне еркін және бәсекелі қол жеткізуін қамтамасыз ету мақсатында жеке әрі мемлекеттік әріптестер арасындағы жасалған мемлекеттік -жекешелік әріптестік шарты аясында тиісті нормалар көзделетін болады. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді және өндірушіні тұтынушыға жақындататын жеке экономикалық кластерді құрады», - деді Ержан Қазанбаев.

Өз кезегінде, еркін бәсекелестік пен өнімді сақтау және бөлу инфрақұрылымы тарифтерінің болжамды деңгейі біздің азаматтарымыз үшін азық-түліктің түпкілікті бағасына оң әсерін тигізеді.

«Екінші тапсырма – ол өндірушіден тұтынушыға дейінгі тізбек бойынша тамақ өнімдерінің бағасын бірыңғай бақылау жөніндегі негізгі жауапты мемлекеттік органды айқындау және мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл регламентін әзірлеу. Осы тармақты іске асыру үшін министрлік Ұлттық экономика министрлігі және басқа да мүдделі органдармен бірлесіп, бір айлық мерзімде Сауда және интеграция министрлігіне өндірушіден тұтынушыға дейінгі тізбек бойынша азық-түлік тауарларына баға белгілеуді үйлестіру және бөлу жөніндегі уәкілетті органның функцияларын беру ұсыныстарын енгізеді», - деді вице-министр.

Сонымен қатар, бір ай мерзімінде салалық мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың тиісті регламенті әзірленетін болады.

«Біздің мақсатымыз – азық-түлік тауарларының ағындары мен бағаларын мониторингтеу мен болжаудың дұрыс және тиімді жүйесін құру. Бұл мемлекетке нарық конъектурасы мен баға өзгеруіне уақтылы және жедел ден қоюға мүмкіндік береді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар