17:51, 27 Мамыр 2009 | GMT +5
Сауда-өнеркәсіп палаталары қызметіне бағытталған заң жобасы мақұлданды - Мәжіліс
АСТАНА. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сауда-өнеркәсіп палаталары қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған құжаттың негізгі мақсаты - тауардың шығарылуы туралы сертификатты беру жөніндегі функцияларды уәкілетті мемлекеттік органнан алып, ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасына беру, Қазақстанның ұлттық сыртқы сауда заңнамасын дүниежүзілік сауда тәжірибесіне үйлестіру үшін жағдайлар жасау, сондай-ақ ұлттық бизнесті халықаралық нарыққа ықпалдастыру. Бұл ретте уәкілетті мемлекеттік орган халықаралық құқықтың жалпыға танылған нормаларына сәйкес сауда-өнеркәсіп палаталарының қызметіне бақылау жасауды жүзеге асырады. Бұнымен қоса, жоба бойынша сауда-өнеркәсіп палаталарына тауардың шығарылуы туралы сертификатты беру жөніндегі міндетті жүктеу көзделеді. Ал бұндай тауар шығарылуы туралы сертификаттарды ақысыз беру шаралары да қарастырылады. Сонымен бірге, біліктілік аттестаттары бар тәуелсіз сарапшы-аудиторлардың тауар шығарылатын елді айқындау сараптамасы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіп негізінде жүргізілетін болады.
Екінші оқылымға әзірлеу барысында депутаттар тарапынан заң жобасының редакциясын жақсартатын және нақтылайтын бірқатар түзетулер жасалды.
Мәжіліс мақұлдаған заң жобасы Парламент Сенатына жіберіледі.