Сауда орталығының 3-қабатынан құлаған бала үйіне қашан шығатыны белгілі болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Март» ойын-сауық сауда орталығында 3 қабаттан құлаған 2 жасар Нұрғисаға жасалған екінші отадан кейін, оның жағдайы орташа. Баланың қазіргі жағдайы туралы ҚазАқпарат тілшісіне Алматы дәрігерлері айтып берді.
Алматы қаласындағы Балаларға жедел жәрдем көрсету орталығының Бас дәрігері Абай Зікірияұлы Құсайынов бала келесі аптада үйіне шығарылуы мүмкін екенін айтты.
«Баланың қазіргі жағдайы орташа. Келесі аптада бәрі дұрыс болса, үйіне жібереміз. Дәл қазір нақты айта алмаймын, себебі алдағы жұмада баланы тағы да тексереді. Аяғына жасалған отадан кейін тіккен жерлерін қарайды. Баланың миына қан құйылғандықтан басына бірінші ота жасалған болатын», - деді орталықтың бас дәрігері.
Абай Зікірияұлының айтуынша, Нұрғиса үйіне жіберілгеннен кейін де дәрігерлердің бақылауында болады.
«Үйіне жіберілгеннен кейін, шамамен 1-2 айдан кейін, өз аяғымен жүргеннен соң тағы да тексеріп, бас сүйегінің жарақатына пластика жасалады, төрт айдан кейін аяғындағы темір алынады. Жалпы қазіргі жағдайы жаман емес. Анасымен бірге ем алып жатыр», - деді Абай Құсайынов.
20 қазан күні Алматы дәрігерлері балаға екінші ота, ортаңғы жілігіндегі сыныққа жасалғанын хабарлаған болатын.
Еске сала кетейік, 12 қазан күні 2 жасар бала «Март» ойын-сауық сауда орталығының 3 қабатынан құлап кеткен болатын. Дәрігерлер балаға ашық бас ми жарақаты, ортаңғы жілік сынығы, кеуде, іш пердесінің соғылуы секілді диагноз қойған болатын. Оқиға Түркісіб аудандық ІІБ қайғылы жағдай ретінде тіркеуге алынған.