Сауда орталықтарының құрылысын субсидиялау тәртібі өзгермек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сауда орталықтарын және заманауи форматтағы көпфункционалды кешендерді салатын компанияларға субсидия беру тәртібі өзгеруі мүмкін. Бұл туралы ашық талқылауға шығарылған «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» Үкімет қаулысында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сауда орталықтарының құрылысын субсидиялау тәртібі өзгермек

«Сауда орталықтарын және заманауи форматтағы көпфункционалды кешендерді салу, жаңғырту жобалары бойынша облыс орталықтары мен моноқалалардағы орталықтарының сауда алаңы кемінде 1 мың шаршы метрді құрағанда және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатуға арналған орындары мен қойма үй-жайлары болған жағдайда субсидиялауға жол беріледі», - делінген құжатта.

Айта кетейік, қолданыстағы тиісті қаулыда мұндай норма жоқ. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазір сауда саласында өз бизнесін кеңейтуге мүдделі кәсіпкерлер үшін мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылмаған. Осыған байанысты бұл нарықты жаңғырту баяу қарқынмен жүріп жатыр. Сонмен қоса, сауда орталықтарын салатын компанияларға несие тиімді мөлшерлемемен ұсынылмайды. Ведомство ақпаратына қарағанда, жоғарыда аталған шараларлы қабылдау, қазіргі заманғы сауда форматтарының үлесін ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

Еске сала кетейік, кеше Премьер-Министр Әлихан Смайылов Сауда және интерграция министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде әлеуметтік маңызы бар тауар сататын ірі орталықтардың құрылысын ынталандыруды тапсырған еді.