"Сауда орындары Оразаға тағы да дайындықсыз келді" - республикалық басылымдарға шолу
АСТАНА. 2 тамыз шілде. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі 2 тамыз, сейсенбі күні республикалық басылымдарда шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
Елдегі қоғамдық тәртіп, бейбіт өмір, жеке адамның қауіпсіздігі мен тыныштығы, меншіктің қорғалуы және т.б. тәртіп мәселелерінің сақталуы құқық қорғау органдарының иығына жүктелген негізгі міндет. Бұл міндеттерді орындау сандық есеппен емес, ең алдымен сапалық көрсеткіштермен айқындалуға тиіс. Ал осы орайда азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныштығы, еліміздегі қылмыстың жай-күйі мен криминогендік жағдайдың деңгейі ішкі істер органдары қызметінің тиімділігіне тікелей байланысты болмақ. Ендеше, бұл бағытта біздің елімізде қандай жұмыстар қолға алынып жатыр? Жалпы осы салада тәуелсіздік жылдары қандай құқықтық шаралар қаралып, не тындырылды? Міне, осы және өзге де өзекті мәселелер туралы «Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санындағы Ішкі істер министрі Қалмұқанбет Қасымовпен арадағы сұхбаттан біле аласыздар. Екеуара әңгіме «Құқық қорғау қарымы артты» деген тақырыппен берілген.
«Белгілі болғандай, Еуропарламент депутаты Пол Мерфи өзінің Маңғыстау облысына жасаған сапары барысында Қазақстан азаматтарын жаппай акцияға шақырып, Қазақстанның атқарушы және сот билігіне орынсыз тіл тигізуге жол берген. Пол Мерфи тарапынан біздің еліміздің заңнамасына сәйкес жол берілмейтін істер, яғни сот жұмысының қызметіне араласу, сот пен оның шешімдеріне қысым жасауға тырысқаны байқалды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті «Елдің ішкі ісіне араласу болып табылады» деген мақаласында. Басылымның атап өтуінше, ҚР Сыртқы істер министрлігі жағдайды егжей-тегжейлі қарастырып, Еуропарламент өкілдерінің тәуелсіз Қазақстан Республикасының ішкі шаруасы болып табылатын мәселелерге араласуына жол берілмеу қажет деп санайды.
***
«Исі мұсылманның қатары көбейіп, қасиетті Рамазан айында ұсталатын оразаның мән-маңызы артып келеді десек те, жылда осы қадірлі айға дайындықсыз келетініміз қынжылтады. Осыдан тұп-тура бір жыл бұрын, оразаның алғашқы күні қаладағы бірқатар сауда орындарын, дүкендерді аралап, Оразаға жасалған дайындықтың иісін де сезіне алмай, самарқау тартқанымыз есімізде», - деп жазады «Айқын» газетінің тілшісі «Сауда орындары Оразаға тағы да дайындықсыз келді» деген мақаласында. Жарияланымда көтерілген өзекті мәселе жайында егжей-тегжейлі бүгінгі нөмірден біле аласыздар.
Осы басылымның жазуынша, бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі өз мәресіне жеткен бетте Астана қаласында АИБА-ның кезекті отырысы өтті. Оған аталған ұйымның президенті Чинг Куо Ву мырза және осы саланың көптеген лауазым иелері қатысты. Күн тәртібінде тұрған басты мәселе - 2013 жылғы ересектер арасындағы әлем чемпионатын қабылдайтын қаланы таңдау болды. Үміткерлер қатары қалың болған сайыста таңдау Астана қаласында түсті. Бұл жайында кеңірек «Әлем чемпионаты Астанада өтеді» деген мақалада баяндалған.
***
Қызылжар өңірінде соңғы жылдары мал басының артқаны аңғарылады. 2010 жылмен салыстырғанда ірі қара 8,1 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығының егіншілік түріне басымдық берген өңір үшін бұл жаман көрсеткіш емес. Алайда сол малды бағатын жайылымдар күн өткен сайын тарылып барады. Мұны облыс аумағына тұңғыш рет тексеріс жүргізген прокуратура анықтаған. «Алаш айнасы» газетінде «Қызылжар жайылымға жарымай отыр» деген тақырыппен жарық көрген мақала дәл осы мәселеге арналған.
«Алаш айнасы» газеті мен Қазақ радиосының бірлескен жобасы «Айтөбел» хабарында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинмен арадағы сұхбат «Жазушы қоғамға, халыққа шығарма жазуды мақсат етуі тиіс» деген тақырыппен берілген. Тілшінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген қаламгер: «Халыққа ең басты қажет нәрсе - тәуелсіздік. Тәуелсіз елің, тәуелсіз тілің, тәуелсіз сөзің болса, іргең берік болса, ала шұбар емес, тірі тілдегі кеңістігің болса, арманның үлкені - осы. Осы орындалса екен деп тілеймін!», - депті
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов АҚШ-тың Ауғанстан және Пәкстан бойынша арнайы өкілі Марк Гроссманмен кездесті. Кездесу барысында тараптар өңірлік қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ халықаралық есірткі тасымалына және терроризм қаупіне қарсы тұру мәселелерін, сондай-ақ, халықаралық ұйымдар аясында екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады.