Сәуір айында Алматы абақтысынан қашқан бесеудің соңғысы ұсталды
АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Ағымдағы жылдың сәуір айында Алматы тергеу абақтысынан қашқан бесеудің соңғысы өткен демалыс күндері ұсталды,
деп хабарлайды Әділет министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметінен.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылы сәуірдің 22-сінде Алматы тергеу абақтысынан 5 адам қашып кеткен болатын. Бұрын сотталмаған 19 бен 31 жастың аралығындағы олар кісі тонау, ұрлық-қарлық және есірткі тарату қылмыстары үшін тергеліп жатқан. Жедел іздестіру шараларының арқасында, келесі күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазақстан ауылының шетінде әлгілердің үшеуі ұсталды, төрт сағаттан кейін - Іле ауданының Боралдай ауылында төртінші қашқын ұсталды. Бесінші қашқын сол жолы құтылып кеткен еді.
Содан бері іздеуде жүрген ол өткен аптада ұсталды. Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері Алматы Ішкі істер департаменті қылмыстық полициясындағы әріптестерімен бірлесіп, қылмыскерді Алматы облысының Қарасай ауданында қолға түсірді.