12:13, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
Сәуір айында Астанадан Амманға және Меккеге «Нұрлы жол» жаяу жорығы аттанады
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат – Сәуір айында Астанадан Амманға және Меккеге тарихтағы алғашқы «Нұрлы жол» жаяу жорығы аттанады.
Ұзындығы 7007 шақырымды құрайтын және 200-ден астам тәулікке созылатын бейбітшілік пен келісім шеруі 2009 жылы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің ІІІ съезіне орайластырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл сапардың мемлекеттік кепілгері - ҚР Туризм және спорт министрлігі. Сапар 7 елдің аумағы арқылы: Қазақстан - Өзбекстан - Иран - Түркия ?Сирия ? Иордан Хашимиттер Корольділігі - Сауд Арабиясы бағыты бойынша өтеді. Жиһанкездер сәуірдің 17- сінде Астанадан Шымкентке автобуспен аттанады да, ал Шым қаладан әрі қарай жорықтарын жаяу жалғастырады. Сапар барысында Қазақстан туралы фотокөрмелер ұйымдастырылады, жергілікті телеарналар арқылы біздің республикамыз туралы фильмдер көрсетіледі. 11 қалада «Бейбітшілік және келісім» шаралары өткізіледі, олардың аясында жұртшылықпен кездесулер, «дөңгелек үстел» отырыстары, қайырымдылық түскі астар, қасиетті жерлерге зиярат ету қарастырылған. Сапар директоры Руслан Абдуллиннің айтуынша, «марш ешқандай саяси және діни ұрансыз өтеді. Оның басты мақсаты - Қазақстанның тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін және жетістіктерін кеңінен таныстыру».