Сәуір айында экспорт бағасы төмендеп, импорттық бағалар біршама көтерілген
АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - 2010 жылдың сәуір айында экспорттық жеткізілімдерге бағаның төмендеп, импортқа артқаны байқалды.
Мәселен, ағымдағы сәуір айында наурыз айымен салыстырғанда елімізден экспортталатын тауарлар бағасы 5,1 пайызға төмендесе, импортталатын тауарларға 0,5 пайызға артқан.
«Есепті ай ішінде экспорттық тауарлар бағасының төмендеуі қорғасынға - 8,8 пайыз, мырышқа - 7,6 пайыз, мұнайға - 7,1 пайыз, көмірге 2,9 пайыз деңгейінде байқалды. Ал бағаның өсуі газ конденсатына - 3,2 пайыз, қара металға - 2,5 пайыз, мұнай өнімдеріне 2,4 пайызды құрады. Бұдан бөлек, жүннің бағасы 16,4 пайызға арзандаса, астық 4 пайызға, мақта 0,8 пайызға қымбаттаған.
Импортық түсімдерге келетін болсақ, кофе - 15 пайызға, құс еті - 10,6 пайызға, фармацевтикалық өнімдер - 8 пайызға, тоқыма бұйымдары - 5,1 пайызға, қант - 2,7 пайызға, күріш - 2,5 пайызға, күнбағыс майы - 0,8 пайызға қымбаттаған. Ал керісінше, темекі - 10,9 пайызға, балық - 5,3 пайызға, шай - 5,2 пайызға, аяқ киім 0,1 пайызға арзандаған.