Сәуірде ОСК мүшелері өңірлерде семинар-кеңестер өткізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сәуір айының басында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері өңірлерге барып, президент сайлауына орай семинар-кеңестер өткізеді.
Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов «Қазақстан Республикасындағы сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен кездесу барысында мәлім етті. Кездесу барысында ОСК төрағасы қазіргі уақытта халық арасында заңнамаға сәйкес сайлау процесінің ережелері мен тәртібін түсіндіру жұмыстары қолға алынғанын атап өтті. «Сәуір айының басында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері өңірлерді аралап, бірқатар семинар-кеңестер өткізетін болады», - деді ол. Сонымен қатар ол Орталық сайлау комиссиясының барлық қоғамдық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екендігін баса айтты. «Біз үшін СБРҚК сарапшыларының сайлау заңнамасын бұзушылықтарды қорытынды есепке жинамай, бізді заң бұзушылықтар туралы тікелей сайлау науқаны барысында жедел түрде ақпараттандыруы маңызды, бұл сайлау органдарына бұзушылықтарды тиімді және уақтылы жоюға және осындай бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қ.Тұрғанқұлов. Кездесу соңында ОСК басшысы сайлау органдары транспарентті және ашық сайлау өткізу үшін бар күштерін салатынын айтты.