Сәуірден бастап электр энергиясы саласында халықтың жағдайы төмен тобына арналған сараланған тарифтің үшінші деңгейі енгізілді - ТМРА
АСТАНА. 16 сәуір. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап электр энергиясын азғантай тұтынатын халықтың әлсіз тобына арналған сараланған тарифтің үшінші деңгейі енгізілді.
Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов мәлім етті.
«Халықаралық тәжірибені, сондай-ақ 2 деңгейлі саралауды қолдану тиімділігін зерделей келе, ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап электр энергиясына тұтыну шамасы бойынша тарифтік саралаудың үшінші деңгейі енгізілді. Бұл - электр энергиясын шамалы тұтынатын халықтың әлсіз тобынан ауыртпалықты алып тастау үшін жасалып отыр», - дейді агенттік басшысы. Оның айтуынша, осыған орай қазіргі тұтыну шамасына қосымша тағы бір деңгейді белгілеу көзделеді. «Мысалы мұнда тарифтер бойынша айына бір адамға 150-170 кВт/сағ. белгіленеді. Бұндай тарифті енгізудің нәтижесінде тұтынушылар электр энергиясын үнемдемейтін болады және энергияны жоғары дәрежеде қолданатындар (олардың үлесі 10-15 пайыз) белгіленген көлемнен асыра пайдаланғаны үшін аса жоғары тарифпен ақы төлейтін болады», - дейді М. Оспанов.